Дарияның жағасында дүр қала бар

381

0

Тұлғалар ізі қалған тұғырлы Қызылордам

Биыл іргетасы қаланғанына 206 жыл толып отырған Қызылорда өз тарихында бірнеше атау иеленген. Іргесі қаланған 1818 жылы Ақмешіт деп аталған.1853 жылы Сыр бойына 55 жыл билік жүргізген қоқандықтарды қуып шыққан Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийдің құрметіне қала Перовск болып өзгерді. 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналды.

Ал 1922 жылы қайтадан Ақмешіт атауын алды. 1925-1929 жылдары Қызылорда атын иеленіп, Қазақстанның астанасы болғаны тарихтан мәлім.

Осы астана мәртебесіне орай бізде жаңсақ пікірлердің орын алып жүргені жасырын емес. өйткені, біраз жұрт, тіпті тарихшылар мен ғалымдар да еліміздің бірінші астанасы Орынбор болған деп санайды. Бұл – қате пікір. Орынборға астана мәртебесі берілмеген, ол саяси-әкімшілік орталық болды. Бұл кезде «қазақ» атауының өзі ресми қалыптасқан жоқ-ты.

1924 жылы 17 желтоқсанда «Ақжол» газетінде Сұлтанбек Қожанов: «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқ қазақтың киіз үйі тігілген ауылында болса да, қазақ жұртына жуық болуы керек» деп жазған еді. Өйткені, қазақ Үкіметінің Орынбор ортасындағы бір ғимаратта ғана орналасқаны болмаса, қала түгелімен кеңес меншігінде тұрды.

Бұған қоса 1920 жылы Киргиз (Қазақ) АКСР-і құрылғанымен, Жетісу мен Сырдария облыстары Орта Азия территориясындағы қазақтарды қамтитын Түркістан  республикасының құрамында қалған еді. 1925 жылы сәуірде Орынбордан Қызылордаға келген Үкімет делегациясын қарсы алғанда он бес жастағы Әбділда Тәжібаевтың өлең оқығаны да бір тарих.

Ал 15 сәуір күні Киргиз (Қазақ) АКСР-і кеңестерінің V съезі ашылды. Осы съезде мұнан былай «киргиз» атауы «қазақ» деген тарихи атауына қайтарылып, Қазақ республикасының астанасы Ақмешіт Қызылорда болып өзгертілсін деген шешім қабылданды.

Осы тарихи шешімді қабылдауға республика Орталық комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев, Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов, қазақ өнері мен мәдениетінің өкілдері Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Александр Затаевич қатысты.

Бұл кезде Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүрген Т.Жүргенов Қазақ АКСР шекарасын белгілеуге атсалысып, Ақмешіттің Қызылорда болып өзгеруіне тікелей ықпал етті.

Қызылорда астана болған жылдары орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелері ашылды. Сондай-ақ ең алғаш рет қазақтың ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, қазақтың мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған.

Құрылыс қанат қақты

«Бойында дарияның бір қала бар» деп ақындар жырлаған Қызылорда бүгінде бір кездегі бейнесінен «дүр қала бар» деп айтатын атаққа, сұлу келбетке көшті. Бұл – ел басқарып отырған азаматтардың туған жерге деген адал парыз, алғаусыз жанашырлығы арқасында іске асып отырған игілік. Енді қаладағы тынымсыз еңбек ырғағын құраған құрылыс жайында айта отырайық.

Кейінгі  жылдары қалада құрылыс ерекше сипатта қарқын алды. Жыл сайын жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер көптеп салынуда.  Облыс орталығы соңғы бес жылда көз танымастай өзгерді. Қаланың әр тарапында сәулетті ғимараттар бой көтерді.  Олардың арасында «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, «Қорқыт ата» әуежайы терминалы, автовокзал, т.б. бар. Әр нысан өзінің ерекше сәулетімен айшықталады.

Қалада қазына қаржысынан бөлек демеушілердің қолдауымен де жақсы жұмыстар атқарылуда. Сондай игілікті істің бірі – жаңа кейіпке енген  орталық алаң.  «Қызылорда қаласындағы  Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы.Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасына орай, алаңдағы субұрқақтар аумағына өрнектастар төселді. Жарық диодты шамдар қойылып, гүлзарлар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылды.Бұл игі бастамаға жерлесіміз, кәсіпкер-меценат Асқар Әубәкіров 1 млрд теңге бөлген. Сондай-ақ Ы.Жақаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылды.

Заманауи кейіпте жаңғыртылған алаң жанға жайлылық сыйлайды. Мұнда, әсіресе көпшіліктің алаңсыз демалуына толыққанды жағдай жасалған. Балалар қауіпсіздігі жан-жақты ойластырылған. Жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары мен балалар ойын алаңы шаһар келбетіне шырай берді.

Бұларға қоса аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте үш ғимараттың іргетасы қаланды. «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, «Атымтай жомарт» атанған белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Бүгінде аталған орталықтар ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болды.

Мұнан бөлек Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы аяқталды. Жаңа терминал халықаралық талаптарға сай. Ғимарат жақын арада ел игілігіне берілмек.

Жақында қолданысқа берілген құрылыстың бірі − «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынған заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайының» құрылысы.Оның құрылысына 2 млрд 350 млн теңге бөлінген. Сол жағалаудағы «Білімді қолдау қорының» қаржысына бой көтерген, физика-математика мектеп-интернаты да жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.

Алматыдағы О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінен осы кезге дейін жеті мыңнан астам түлек өмірге жолдама алыпты. Олар еліміздің дамуына ерекше үлес қосты, Қазақстаннан тыс жерлерге де белгілі болды. Солардың ішінде Яндекс трансұлттық компаниясының негізін қалаған Аркадий Волаж бен Илья Сегалович те бар.

Енді талапты жастар осындай жоғары және сапалы білімді алыстан арбаламай-ақ, өз қаламыздан алмақ. Бұл да – керемет жетістік. 

Құрылыс дегенде жаңа бой көтеріп жатқан жылу-электр орталығын айтпай  кетуге болмайды.

Қазіргі қолданыстағы жылу-электр орталығы 1964 жылы салынған. Қанша рет жөндеуден өтсе де, жылу қондырғылары мен құбырларының тозғаны да, қажетті қуатты өндіре алмайтыны да анық.

Көптен күткен, заманауи үлгідегі ауқымды жоба 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге. Орталық құрылысы 2025 жылдың тамыз айында аяқталып, іске қосылады. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылады.

Тағы бір игі бастама – Қызылорда музыкалық колледжінің жаңа ғимаратының іргетасы қаланды.Үш қабатты ғимарат 650 орынға арналған. Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, бас мердігер – «Интегрострой» ЖШС.

Мәдениет – өмір мәйегі, спорт – саулық дәйегі

Барша халықтың жан байлығын еселеп, көңіліне қуаныш сыйлайтын мәдениет пен өнер – елдік рухтың қуаты. Барлық игіліктің басында мәдениет тұр. Ол әрқашан халық ішінде өмір сүреді, «ел іші – ерен бесік» деген сол.

Өткен күндерді еске түсірсек, барша ел-жұрт кешегі пандемия құрсауында қалғанда да мәдениет пен өнер адамдары бой тасалаған жоқ, күн сайын халықпен бірге болды.

Ең бастысы, мәдениет – қоғамды топтастыруға, халықтың тарихи мұрасын жаңғыртып отыруға қызмет ететін үлкен күш.

Басқа салалармен қоса қызылордалық мәдениет саласын да өзгеше реңкте көріп отырмыз.

Биыл өнерде жүрген мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр жобасы мақұлданды.Бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде жұмыс істей бастады.

Биыл екінші мәрте облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Сала мамандарының ұсынымдары ескеріліп, мәдениет саласына арналған бюджет қосымша 1,1 млрд теңгемен толықты. Мәдениетке бөлінген биылғы қаражат салаға соңғы 3 жылдағы бюджеттен бөлінген қаржыдан 2 есе артық болды.

Осыған орай жүргізіліп отырған жұмыстар қарқыны да бәсеңсіген емес. 2024 жылдың 8 айында 670 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 102544 көрермен тартылған.

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 23 кітапхана (2 облыстық, 11 қалалық, 8 ауылдық, 2 балалар кітапханасы) қала тұрғындарына кітапханалық-ақпараттық қызмет көрсетуде. Жалпы кітап  қоры – 646551, оның ішінде қазақ тілінде – 264147. 21 кітапхана интернет желісімен қамтамасыз етіліп, жыл ішінде интернет қызметін 386 оқырман тұрақты пайдаланған.

Ел Президенті «озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» деп, кітап оқитын ұлтқа айналу үшін бұл салаға маңыздылықпен қарауды еске салғанын білеміз.

Қызылорда қаласының тарихи музейі қорында 1173 экспонат сақталған. Музейге келушілер туған қаламыздың тарихымен және белгілі тұлғалардың деректерімен, еңбектерімен таныса алады.

Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Алаш әдебиеті» музейін ұйымдастыру қолға алынып, жазба жәдігерлерін реставрациялау жұмыстары жүргізілуде.

Құнды тарих құрайтын қазынамызды қазан ұрғызбай, қайта жаңғырту ісі  осылайша тағы бір жаңалықпен толықты.

Бүгінгі күні қала көлемінде 85 тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған, оның ішінде тарихи ғимараттар саны – 19, ескерткіштер – 37  және 29 бюст бар.

Жыл басынан бергі спорттық іс-шараларға 980 спортшы қамтылған. Қызылорда қаласында тұрғындардың денешынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 684 спорттық нысан бар, оның ішінде 3 стадион,10 спорттық кешен, 119 спорт залы, 6 бассейн, 1 хоккей корты, 2 ату тирі, 8 теннис корты, 105 қосымша салынған және лайықтандырылған ғимарат, 439 қарапайым спорт алаңы, 1 ипподром, 1 жеңіл атлетикалық манеж тұрақты жұмыс істейді.

Бөлімге қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының үйірмелері арқылы 1396 қала тұрғыны спорттың 13 түрімен шұғылданады.

Кешегі өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жерлесіміз Бексұлтан Бостандықовтың тоғызқұмалақ ойынынан алтын тағынуы – Қызылорда спортының жеңістері мен жетістіктерінің бір ғана көрінісі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құру – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан шаруа. Ол үшін нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктерге ұдайы жол ашылып жатыр» деген еді.

Осы мүмкіндіктердің ашылған жолын біз Қызылорда қаласының бүгінгі келбеті мен игілікті іс барысынан да байқай аламыз.

Ең бастысы, жаңа, кемел келешекке қарай жасарған, көркейген Қызылорда халқымен бірге қадам басып барады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<