«Дарыннан» шыққан даралар

1558

0

Қазіргі кезең бой емес, ой жарыстырғанды, жай ғана сөз емес, жасалған қадамды талап етеді. Заман талабына сай дарыны мен қарымы қатар ұштасқан жас таланттар аз емес. Облыстағы дарынды балаларды анықтау, қолдау, оқыту және дамытуға жағдай жасауды басты мақсат еткен «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының үздіксіз қызмет етіп келе жатқанына биыл 17 жыл болыпты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауында көрсетілген «Ғылым саласын дамыту үшін бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек. Халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын. Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» деп ғылым саласына бет бұруға бағыт көрсетті. Орталық тарапынан да Президент Жолдауын басшылыққа ала отырып, дарынды балаларды қолдауға, дамытуға және кәсiби қалыптасуына сапалы жағдайлар жасалып келеді. Айта кетейік, биылғы оқу жылында облыстық «Дарын» орталығы 297 жалпы білім беру ұйымындағы 169475 оқушымен басты 3 бағыт бойынша жұмыс атқаруда.

– «Ақпараттандыру және баспа қызметі» бөлімі білім саласын цифрландыру мәселелерімен айналысады. Оның ішінде облыстағы барлық білім беру ұйымдарының ұлттық білім беру деректер қорын толтыруын, электронды оқыту жүйесін сүйемелдеу, «SmartCity» тұжырымдамасын, «Кundelik.kz», «BilimLand», «Darуnonlinе», «College.sitcen.kz», «Jumys.sitcen.kz» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларын қамтиды. «Дарынды балалармен жұмыстарды ұйымдастыру» бөлімі облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары, әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстарға қатысуына ықпал жасайды. Жүзден жүйрік шыққан оқушылар жыл сайын облыс әкімінің қабылдауында болып, «Сыр дарыны» медалімен марапатталады. Жүлдегер атанған дарынды балалар жоғары оқу орнының грант иегерлері атанып, аймақ мәртебесін асқақтатуда. «Қосымша білім беру» бөлімі «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы шеңберінде 4 базалық бағытта  республикалық, облыстық  деңгейде өткізілетін шараларды, сонымен қатар ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға арналған олимпиадалар мен түрлі іс-шараларды және студент жастардың арасында дебаттық қозғалысты ұйымдастырады.

Мәселен, өткен оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға 25 оқушы қатысып, 16 оқушы жүлдегер атанды. №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Қалдан Жанай Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы  жоғары оқу орнының білім грантына ие болды. Ауыл балаларына арналған IQANAT олимпиадасының республикалық кезеңіне 51 оқушы жолдама алды, – дейді орталық директоры Баян Ниязова.

Айта кетейік, биыл орталық жанынан «Дарынды балалар ұйымы»  құрылды. Ұйымның құрамына түрлі байқаулардың 76 жеңімпазы қабылданып, облыстық «Достық керуені» фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль республикадағы үздік ауылдардың бірі де бірегейі – Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов ауылынан бастау алып, әрі қарай жас таланттар Қорқыт бабамыздың кесенесіне барып, музеймен танысты. Сонымен бірге, облысымызда «Жауқазын жүрек» І облыстық жас өрендердің шығармашылығын дамытуға арналған 5-11 сынып оқушылар аралығындағы  көшпелі әдеби алаң алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

– Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елордаға өз жетістіктерімен ерекшеленген балалар, балалар қозғалысының көшбасшылары және түрлі жағдайларда адам өмірін арашалап қалған батыр балалар жиналып, Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. олардың қатарында Нұрислам Сақтаған, Бекнұр Жолдасбаев есімді екі дарынды оқушымыз да бар. Сонымен қатар 1-2 маусым күні Еркежан Әскербекова, Салтанат Абдуалиева, Амелия Пак есімді оқушылар да мерекелік шараларға қатыспақ дейді Баян Бақытжанқызы.

Басшының айтуынша, алдағы уақытта республикалық «Дарын» орталығы облыстық бірлескен кеңес өткізуді, БИЛ жұмысын үлгі ретінде көрсетуді, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындауды, «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруды жоспарлауда.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<