Ел арасында даудың бетін дау қайтарады деп, дауласқандардың бірін-бірі сотқа апаруы жиіледі. Бірақ, одан дау басылмайды, жағдай ушығып көбіне ыза-кекке айналады. Мәселені сотқа жеткізбей, шешімін табуға елімізде мүмкіндік қарастырылған.
Елбасы Судьялар одағының V съезінде сот арқылы шешілетін даулы істердің қатарын қысқартуды тапсырды. Осыдан кейін, елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, бірқатар заңға өзгеріс енгізілді. Мәселен, Азаматтық істер жүргізу кодексінің (АІЖК) 192-бабы бойынша істі қараудың алдында төрағалық етуші мынандай мәселелерді анықтап алу тиіс: талап қоюшы өз талабын қолдайтын-қолдамайтынын, жауапкер талапкердің талаптарын мойындап-мойындамайтынын, екі тараптың істі бітімгершілік келісіммен аяқтауды, істі аралық сотқа қарауға беруді не дауды медиация тәртібімен шешуді қалайтын-қаламайтынын анықтауы тиіс.
Отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша аталған кодекстің 49-бабына орай тараптар істі бітімгершілік немесе медиация тәртібімен аяқтай алады. Кодекстің 242-бабы 7-тармағының негізінде тараптар медиацияны жүргізу арқылы келісім жасаған жағдайда сот тоқтатылады. Медиацияның тиімділігі қоғамды ізгілендіру, сот жұмысын жеңілдету. Бұл тұрғыда арнайы мамандар, яғни медиаторлар іске кірісіп, қажетті іс-шаралар мен насихат жұмыстарын жүргізеді. Медиацияның сот қарауынан ерекшелігі дау толығымен тараптардың өз еркіне байланысты шешіледі. Медиаторлар шешім қабылдамайды, екі жақтың мүдделері мен қажеттіліктерін айқындап, олардың өзара тиімді шешімге келуіне жәрдемдеседі. Сондай-ақ, екі тарап істі кез келген уақытта тоқтата алады, өздеріннің қалауы бойынша өткізетін орын туралы келісе алады. Алдымен келісім жасалып, процедура барысында сақталуы керек ережелер жиынтығы таныстырылады. Келісімге медиатор, дауласушы тараптармен қоса шақырылған адвокаттар, кеңесшілер немесе мамандар да қол қоюға құқылы. Медиация өту уақыты, келіссөздердің жүргізілу ұзақтығы да тараптардың қалауы бойынша реттеледі. Мұның өзі дауласушылардың өзара қарым-қатынасын реттеп, бір-біріне деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді.
Қазір бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Сондықтан, алда жобаның бітімгерлік шараларын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтіп, дауларды соттан тыс шешудің тәсілдерін жетілдіру міндеті тұр.
Руслан ӘЛІБЕКОВ,
Қармақшы аудандық сотының
жетекші маманы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<