Даудың шыңы – бітім

731

0

Даудың шыңы – бітім 2011 жылдың 28 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев қол қойған «Медиация туралы» жəне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне медиация мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рəсімін, сондай-ақ медиатордың мəртебесін айқындайды.
Бұл – адам құқығына, бостандығына құрметті арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалып­тас­тыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға, конструктивтік сұхбат жолымен әлеу­меттік, өзге де келіспеушіліктерді, жанжалдар мен дауларды шешуге бағытталған институт.
Медиация институты қазаққа жат емес. Оның бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталуы ежелгі билер соты қағидатымен сәйкес келеді. Яғни, Заңның жалпы сипаты мен тұжырымдамасы қазақтың ықылым заманнан қолданып келе жатқан билер сотының үлгісі іспеттес.
  Бір кездегі қазақтың билер сотының қазіргі сот жүйесінен ерекшелігі – ондай билерді ешкім сайламаған да, тағайындамаған. Бұқара халық өзі мойындап, əділдікті ту еткендерге жүгініп отырған. Екіншіден, қазақ билері əділ төрелік жасағанда, ең алдымен кеткен шығынды қалпына келтіру мəселесін қаперде ұстанатын. Бұл да – бүгінгі біздің қоғамның сұранып тұрған өзекті мəселесі, медиацияның негізі де сол. Бұдан бөлек қазақ билерінің қабылдаған шешімдері жазбаша түрде жүргізілмеген еді. Осы тұрғыдан алсақ та, медиацияға өте ұқсас: шешімдер ауызша қабылданып, орындалған. Билер шешімі орындалмаса, «аластау» туралы үкімдер де шығарылған.
Медиатор – тәжірибесі мен дағдысы бар және дауласушы, кейде бір-бірімен жауласушы тараптарды табыстыра алатын, екі тарап мүдделерін, олардың әділдігі мен үйлесімдігін есепке алу негізінде реттеу туралы келісімді бекітуге әкеле білетін адам.
Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мемлекеттік қызметкерлер мен сотты болып, ақталмағандарға аталған қызметтің түрімен айналысуға рұқсат берілмейді. Судьядан айырмашылығы медиатор тараптармен болатын келіссөздерге кез келген уақытта, кез келген жерде қатыса алады. Ал, судьяға араласпаушылық принципі бойынша мұндай келіссөздерге қатысуға заң бойынша рұқсат етілмейді. Соттарда істер айлап қаралатын болса, медиаторға 30 күн беріледі. Тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Медиаторға судьяның өкілеттігі берілмегендіктен, ол заңды шешім қабылдай алмайды жəне тараптарды өз шешімін орындауға міндеттеу құқы жоқ. Ол келіссөздердің тиімді жүргі­зі­луіне көмектеседі жəне қажетті арнаға бұруға жол сілтейді. Бұл əдістің ең маңызды тұсы өзінің бейтараптығының арқасында медиатор даудың мəн-жайын қарай отырып, проблеманың оңтайлы шешімін табуға бағдар беріп, екі жаққа да тиімді шешімге келуге жағдай жасайды. Ал, тараптар келісімге қол жеткізген жағдайда, медиация даулы ахуалды шешетін жазбаша шарт, яғни медиациялық келісім жасаумен аяқталады. Дауларды сотқа жеткізбестен, өзара бітімгершілікпен аяқтау судьяларға жүктемені азайтып қана қоймайды, қоғамда орын алып отырған даулардың шешімін табуға септігін тигізіп, мемлекеттік мекеме атына айтылатын сынды да азайтпақ.
Қазақстандық ғалымдар мен заң шы­ғару­шылар дауларды реттеудің балама әдістерін қолдану туралы заңын қабылдамас бұрын жылдар бойы шетелдік құқықтық тәжірибені талдай отыра, бір уақытта медиацияны көпұлтты мемлекеттің ерекше жағдайларында қолдану мүмкіншілігін зерттеп, үлкен дайындық жұмысын ат­қар­ды. Бұның мақсаты – дамыған аза­маттық қоғам мен құқықтық мемлекетті құру. Қазақстанда медиация тек қана отбасылық және еңбек жанжалдарында қолданылмайды, ол әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде компаниялар, корпорация ме­недж­менттері, оның акционерлері ара­сын­дағы мүліктік дауларда, сонымен қатар халықаралық құқық субъектілері ара­сын­дағы үйлеспеушіліктерді шешуге де араласады.
Қазақстан Республикасы ТМД-да шағын және орташа ауырлық қылмыспен бай­­ланысты істер бойынша қылмысты сот өндірісінде медиация рәсімдерін енгізген жалғыз ел болып табылады.

Исағали ТҰҢҒЫШБАЕВ,
Жаңақорған аудандық
сотының судьясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<