Қызылорда қаласындағы Мұз айдынының волейбол алаңында ардагерлер арасында ұлағатты ұстаз, волейболшы Тұрғанбек Алтынбековті еске алуға арналған ашық турнир өтті.
Өмірден өткеніне екінші жылға айналған Тұрғанбек аға 1960 жылдары ел құрамасы сапында өнер көрсеткен, спорт шебері. «Динамо» лақап атымен танылған ол бертінге дейін Сыр өңірі спортының дамуына ауқымды үлес қосып, шәкірт тәрбиеледі.
Турнирдің ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов, ардагер-спортшы Қабыш Пірімжанұлы және облыстық волейбол федерациясы төрағасының орынбасары Бақыт Кеңесовтер өткізіліп отырған турнирдің маңызына тоқталды. Ардагер спортшыларға сәттілік тіледі.
Топтық ойындарда өткен бәсеке өте тартысты болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, өз тобынан шыққан жеңімпаздар тағы да өзара сынға түсті. Үшінші орын үшін болған бәсекеде шиеліліктер Қызылорда командасын айқын басымдықпен еңсеріп, жүлделі орынға табан тіресе, ақтық сында байырғы қарсыластар Байқоңыр командасы мен Жаңақорған ауданының ардагерлері алаңға шықты. Өткен жылғы турнирде де осы екі команда финалда кездескен еді, онда жаңақорғандықтарға сәттілік серік болып, бас жүлдені иемденген болатын-ды. Бұл жолы күшейтілген құраммен келген байқоңырлықтар жеңіске жетіп, былтырғы кеткен есесін қайтарды. Әсіресе, кезінде облыс құрамасының сапында болған Қуаныш Рақатов сынды белгілі спортшының ойынына көрермендер тәнті болды. Сондай-ақ, қызылордалық ардагер-волейболшы Сабыр Жаңбыровтың қимылы көз сүйсінтті. Жаңақорғандық Әбдібек Әбілсейітов, Жұмахан Нұртазаев, Самат Сопбеков, Шәдібек Накипов, Шиелі ауданынан Өтеп Әбдіраманов, Елтай Серікбаев, Батыр Пазылбеков шеберлігі толысқан ойыншы екенін көрсетті.
Волейбол сұлу да сырбаз ойын. Облысымызда осы спорт түрінің негізін қалап, республикада топ жарған ардагер атындағы турнир өзі өмірден өткеннен кейін осымен екінші рет өткізілді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Турнирге келушілерге ардагер спортшының ұлы Нұрлан Тұрғанбекұлы алғыс айтып, ризашылығын жеткізді. Соңынан ас беріліп, дұға бағышталды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Қызылорда қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<