Дауларды соттан тыс реттеу және татуласу рәсімдері

1487

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы, сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие» деп халыққа арнаған Жолдауында айқын көрсетіп, сот шешімдерін мұқият талдау жұмыстарын жолға қою қажеттілігін айтты.

Жыл сайын жолданатын мемлекеттік маңызы бар құжат негізінде жүктелген тиімді сот жүйесін құру бағытында біршама тыңғылықты реформалар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, еліміздегі құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін қолданыстағы бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңнамалық актілер қабылданды.

Атап айтқанда, бұдан бірнеше жыл бұрын дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін дамытып, жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексіне «Дауларды соттан тыс реттеу» атты жаңа тарау енгізілген. Сондай-ақ, осы мақсатта қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының «Төрелік туралы» Заңы дауларды соттан тыс шешу жүйесін дамытуға бағытталады. Алғаш рет әлемдік тәжірибеде бітімгершілік рәсімдерін жасау құқығы адвокаттардың құзыретіне берілген екен. Дауды соттан тыс реттеу рәсімдері мәселені шешудегі оңтайлы, ұтымды әрі тиімді тәсілдердің бірі екендігі тәжірибе барысында өз дәлелін тауып келеді.

Тараптар арасында туындаған түйіткілдің түйінін бітімгершілікке келу арқылы оңай тарқатуға болады, осы орайда, ымыраға келуге бағытталған медиациялық келісімдер мен шарттар жасасу мүмкіндіктері қарастырыған. Яғни, заңда дауды бейбіт реттеуге ықпал ету көзделіп отыр. Дауды сотқа дейін реттеудің ерекшелігі – бұл даулы мәселені азаматтық істің кез-келген уақытында бітімгершілік келісіммен аяқтау мүмкіндігінде. Медиацияның тағы бір артықшылығы – тараптарды кінәлі я болмаса кінәсіз деп бөліп жармайды, тараптарға нұсқау беріп, жауапкершілік жүктемейді. Сондай-ақ, сот шешімі орындалмай орта жолда қалмайды. Медиатордың негізгі талабы тараптарды ортақ ымыраға келтіріп, келісім бойынша ерікті түрде бітімгершілікке шақырады. Сонымен қатар, медиация рәсімі арқылы шешілетін даулар тараптардың уақыты мен қаражатын үнемдейді. Мемлекеттік баж төленбейді. Қоғамдық алауыздықты азайтып, тараптардың татулығын сақтайды.

Жалпы «медиация» сөзі – қазақтың төл сөзі емес, алайда ұлтымыз ежелден қолданып келе жатқан ескі үрдіс. Тарих парақтарын ақтарсақ, ата-бабаларымыз ел ішіндегі дау-дамайларды, кикілжіңдерді билер соты арқылы шешіп отырған. Орақ ауызды Қазыбек, Төле, Әйтеке билердің бітімдерінен бастау алған дала заңына бүгінгі таңда жаңаша атау берілген.

«Заңы мықты мемлекеттің – болашағы мықты» демекші еліміздің ертеңі үшін жасалып жатқан реформалар көңіл толтырады, сот ісінің сапалы болуына септігін тигізеді. Осы реформаларды одан әрі жетілдіріп, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмей қорғай білу әр судья мен заңгер маманның жеке жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігіне байланысты. Алдағы уақытта сот саласы әлемдік озық стандарттарға сай болатынына сенімім мол.

Е.А.Шекербеков,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<