Декларация тапсыру: Үшінші кезең үрейленетін мәселе ме?

444

0

Сурет ашық дереккөзден

Еске салсақ, Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді. Ол төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде лауазымды мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тапсырды. Еліміз бойынша бұл кезеңдегі декларациялаудан шамамен 580 мың жеке тұлға өткен.

Екінші кезеңде квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды. Бұлардың саны  шамамен 2,1 миллион адамды құрады.

Үшінші кезең биыл 1 қаңтардан басталды. Оны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлердің басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Шамамен 3,9 миллион адам тапсыруы қажет.

Ал төртінші кезең 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап жүзеге аспақ. Бұл ретте азаматтардың басқа санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б.) тапсыратын болады. Осы кезеңде еліміз бойынша  6,9 миллион адам декларациялаудан өтеді деп күтілуде.

Жалпы   2025 жылы 13 миллионнан астам жеке тұлғаны қамту жоспарлануда. Айта кету керек, келесі жылы бизнесмендер жеке мүліктерін жариялауы керек. Бұл – жеке кәсіпкерлер, бірінші басшылар, құрылтайшылар, заңды тұлғалардың қатысушылары. Жұмыс істемей тұрған және жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлер де декларация тапсыруы тиіс. Ал филиалдар мен өкілдіктердің басшылары заңды тұлға болып табылмайтындықтан декларация тапсыруға міндетті емес.

Қандай мүлік жария етіледі?

Декларациялау басталады дегеннен көпшілік арасында түрлі әңгіме тарады, тіпті қорқыныш туындады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. 

Негізі декларация тапсыру аса қатты  үрей тудыратындай мәселе емес. Бұл – ең алдымен көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару. Енді бұрынғыдай табыс тауып, мемлекетке салық төлемеу деген болмайды. Екіншіден, халықтың қанша бөлігінің әлеуметтік жағдайы төмен екенін анықтау үшін керек. Ал үшінші себеп – қазір қолданыстағы сан алуан түрлі декларацияларды біреуіне біріктіру. Осы ретте айта кететін жайт, жалпыға бірдей декларация екен деп ешкім бар мүлкін жариялауға міндетті емес. Демек, кез келген ұсақ-түйекке декларация тапсырудың қажеті жоқ. Бар болғаны өзіңізде бар мүлікті тіркейсіз. Оның өзінде  бір дүниеңіздің құны 1000 АЕК-дан асатын болса. Ал бірнешеуі осы құнды құрайтын болса оны декларациялаудың қажеті жоқ. 

Сондай-ақ мемлекеттік базада тұрған жылжымайтын мүлік, көлікті көрсету қажет емес. Сонымен бірге қазақстандық банктердің есепшоттарында жатқан қаражатыңызды да тіркеп жүрмейсіз. Өйткені ол ақпараттың бәрі салық органдарында онсыз да бар.

Декларациялану керек меншікке шет мемлекетте тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік жазылады. Оның ішінде жер учаскелері мен жер үлестері, көлік, арнайы техника, ұшақ пен кеме, шетел банктерінде ашқан шотында сақталған 1000 АЕК-тен астам қаражат, шетелде құрылған заңды тұлғаның жарғы капиталына қатысу үлесі. Сондай-ақ бағалы қағаздар, тұрғын үй ғимаратындағы үлес, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, айлық есептік көрсеткіштің 10000 еселенген шегіндегі қолма-қол ақша дебиторлық/кредиторлық берешегі, құны 1000 есе айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінен асып кететін басқа да мүлік болса декларация тапсыру міндетті.

Бұл декларацияда Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, оның ішінде гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, автокөліктер көрсетілмейді.

− Декларацияны екі түрлі тәсіл арқылы тапсыруға болады. Қағаз жүзінде және электронды нұсқада. Қағаз жүзіндегі декларацияны ХҚКО арқылы немесе жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберуге болады. Электронды түрде салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы жолдауға болады. Сондай-ақ халыққа ыңғайлы болу үшін Каспий,  Центркредит Банкі (БЦК) мобильді қосымшалары арқылы да тапсыру мүмкіндігі бар.

Қазір декларацияны қабылдау жүріп жатыр. Бұл ретте қағаз жүзіндегі декларацияны биылғы жылдың 15 шілдесінен, электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру керек. Барлық азаматтарды уақытылы тапсыруға шақырамын, − дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Ертанова.

Қателікті түзетуге бола ма? Декларацияны ұсынбау қандай жазаға әкеледі?

Көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап – декларация  тапсыру барысында азаматтар кез келген қателер мен дәлсіздіктерді қосымша декларация беру арқылы өз бетінше түзетуге құқылы.

Қосымша декларация – осы өзгерістер немесе толықтыруларға қатысты болатын салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған өзгерістер немесе толықтырулар енгізілген кезде толтырылады. Онда сомалары өзгертілген кезде салықтық кезеңдегі бұрын ұсынылған декларацияда көрсетілген сома мен іс жүзіндегі салықтық міндеттеме арасындағы айырма және қалған деректер өзгертілген кезде жаңа мән тиісті жолдар бойынша көрсетіледі. Егер декларацияда міндетті деректемелер дұрыс көрсетілмесе немесе мүлдем көрсетілмесе, оны кері қайтарып алуға болады.

Ал декларацияны уақытылы тапсырмаған жағдайда немесе  ақпаратты анық емес көрсеткенде бірінші ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Бір жыл ішінде заңбұзушылықтар қайталанған жағдайда, уақытылы тапсырмағаны үшін 55380  теңге (15 АЕК), мәліметті анық емес көрсеткені үшін 11076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Салықтардың төленбеуіне әкеп соқтырған заңбұзушылықтар үшін айыппұл төленбеген салық сомасының 200 пайыз, заңбұзушылық қайталанған жағдайда 300 пайыз болады (салық салу объектісін жасырған кезде).

Өңір статистикасы

Қай мемлекеттің болсын экономикалық әлеуетінің басты тірегінің бірі салық екені белгілі. Мемлекеттің материалдық мүддесі мен қоғамдық өмірі де осы салада тоғысады.

Осы ретте облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі экономика деңгейін төмендету мақсатында салық базасын ұлғайту және түсімді арттыру, салықтық және кедендік әкімшілендіру бағытындағы  жұмыстарды үйлестіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Сондай жүйелі жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі – декларация жұмысының орындалуы.

Бүгінде облыс бойынша І, ІІ кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды. Барлығы 145 991 жеке тұлға тапсырған.

Үшінші кезең бойынша аймақта 1 қаңтардан бастап  декларацияны 80 мыңнан астам тұлға табыстауы тиіс. Қазіргі таңда 33 463  жеке тұлға тапсырған. Бұл 41,4 % құрайды, қалғаны – 47201 тұлға.

− Декларация тапсыру кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00 нысан) ұсынылады. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті − әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Егер декларациялауға қатысты сауалдар болса бізге келіп кез келген адам толық ақпарат ала алады. Бұл үшін қызметкерлер жауап беруге дайын, − дейді Гүлмира Ертанова.

Жалпы декларация тапсыру  кешелі-бүгінді шыққан дүние емес. Мұндай жүйе АҚШ, Канада, Германия, Франция елдерінде бұрыннан бар. Айта кету керек, жалпыға ортақ декларация тапсырған кез келген тұлғаның аты-жөні оның рұқсатынсыз еш жерде жарияланбайды. Сондықтан мемлекетке есеп беруден қорықпағаныңыз абзал.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<