Көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі – жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2020 жылдан бастап енгізілетін болады. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу. Сонымен қатар, азаматтардың табысы мен мүлкінің есебі ашық болуы салықтарды толық төлеуді қамтамасыз етеді және салықтық әкімшілендіруді барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.
«Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясы» нысаны бекітілді және жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде декларацияда жеке тұлғалар көрсетуі тиіс ақпараттар тізімі анықталды. Декларация тапсырған кезде жеке тұлға өз атына тіркелген барлық жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің тиісті тіркеу деректерін (реквизиттерін) көрсетеді. Оған жердің кадастрлық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автоколіктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі, банктегі қаражат сомасы немесе қолдағы қаражаты, иелігіндегі жеке мүлкі мен шетелдегі мүлкі, заңды тұлғаларға қатысты құрылтайшы болуы немесе қатысу үлесі сияқты деректер толтыруға жатады. Декларацияны Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарының барлығы тапсырады. Ал, Қызылорда облысында шамамен 400 мыңнан астам адам тапсырады деп күтілуде.
Қазіргі кезде декларацияда толтыруға жататын тиісті деректердің уәкілетті органдармен салыстырылып тексеру шаралары жүргізілуде. Деректер қорының салыстырып тексерілуі, ондағы қателіктердің түзетілуі маңызды процесс. 2020 жылы әрбір жеке тұлға өзінің мүлкі мен табысының 2019 жылдың 31 желтоқсандағы жағдайына байланысты декларация толтырады.
Өркениеттің бір белгісі, тұтынушы үшін қолайлы, мемлекет бюджетінің ашықтығын қадағалау үшін пайдалы – қолма қол ақшамен жұмыс жүргізуде деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданысқа енгізу – 2015 жылдан бастап кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Алдымен бұл талап алкоголь өнімдерін, жанар-жағар май өткізушілер үшін міндетті болды, 2016 жылдан бастап көтерме және бөлшек саудадағы 10 қызмет түрі белгіленді, ал 2018 жылдың 1 қазанынан бақылау-касса машиналарын қолдану міндеттелген тағы да 17 қызмет түрі қосылды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан ашық сауда орындарында тұрған кәсіпкерлер үшін де бұл талап міндетті болады.
Қазіргі кезде жаңа талапты, оның ішінде ескі үлгідегі бақылау-касса машиналарын деректерді беру функциясы бар машиналарға ауыстыру туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қолма қол ақшамен жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысандары деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануға міндетті. Бұл – заң талабы ғана емес, уақытпен үндес болу. Табыс көлемін жасыру, сол арқылы салықтан жалтарудың уақыты өтіп барады. Өркениетке, цифрландыруға жасалған қадамдардың нәтижелі болуы құзыретті органдардың ғана емес, әрбір азаматтың да ұстанымы мен белсенді әрекетіне байланысты.
Бақыт ОРДАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<