Демократия жолындағы тарихи күн

267

0

облыс тұрғындары белсенділік көрсетті

6 қазан ел өміріндегі елеулі күн болды. Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыхалықтық референдум өтіп, отандастарымыз оған келісетін-келіспейтінін білдіріп, таңдау жасады. Белгілі болғандай, бұл – егемендік алғалы бергі төртінші референдум.

Бүкілхалықтық саяси науқанның маңызы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деп, Үкіметтің ұсынысын қолдайтынын жеткізген болатын.

Жаңа қоғам құруға бағытталған қадамның жарқын көрінісіндей шара таңмен таласа басталды. Қалың көпшілік сағат 7.00-ден бастап 20.00-ге дейін өз аумағындағы белгіленген орынға барып, таңдау жасады. Бұл күні жалпы республика көлемінде 10 323 учаске жұмыс істеді. Ал Қазақстан аумағынан тыс құрылған 74 референдум учаскесінде отандастарымыз әлемнің 59 елінде дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

Мемлекет болашағы үшін таңдау жасағандар қатарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Мемлекет басшысы елордадағы №211 референдум учаскесіне барып дауыс бергеннен кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг берді.

– Бүгін – тарихи күн. Халқымыз АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беріп жатыр. Референдум – тікелей демократияның өте тиімді тетігі. Халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болады. Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл – тағдыршешті оқиға. Сондықтан мен референдумды қолдаймын, – деді Президент.

Бүкілхалықтық референдумда қызылордалықтар да белсенділік танытты. Облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, осы күні өңірде 380 референдум учаскесі жұмыс істеді. Оның 126-сы Қызылорда қаласында, ал 254-і аудандарда орналасқан. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы Ә.Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейдегі №263 учаскеге барып, таңдауын жасады.

Әскери бөлімдер, емдеу-профилактикалық мекемелері, тергеу изоляторлары сияқты 6 учаске жұмысын таңғы сағат 6-да бастады. Учаскелердің барлығы талапқа сай жабдықталды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы құрылғылар орнатылып, оларға 45 инватакси қызмет көрсетті. Қажеттілікке қарай учаскелерде 48 ымдау тілінің маманы қызмет атқарды. Сондай-ақ 72 учаскеде көз мүгедектеріне арнап Брайль қарпімен жазылған трафереттер қойылды. Тұрғындарға референдум күні мен орны көрсетілген шақыру қағаздары, sms хабарламалар таратылды. Сайлаушылардың өз учаскесін анықтауына мүмкіндік беретін 179 онлайн-сервис жұмыс істеді, онда egov арнайы сервистері қамтылды. Дауыс беруге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс әкімдігі арнайы 4 сервисті іске қосты. Референдум кезінде жедел әрекет ету орталығының 109 нөмірлі бірыңғай байланыс қызметі тәулік бойы желіде болды.

Облыстық аумақтық референдум комиссиясы дауыс беру учаскелеріне балаларымен бірге келген отбасылардың қатары көп болғанын атап өтті. Азаматтардың белсенділігін арттыру үшін ең жас, ең алғаш болып келген дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар табыс етілсе, бірқатар учаскеде ұйымдастырушылар ұлттық ойындар ойнатып, келушілерді мерекелік көңіл-күйге бөледі. Одан бөлек, әкелер және әжелер ансамблі, полицейлер мен ұстаздар династиясының өкілдері, көкпаршылар, мұнайшылар мен сарбаздар бюллетеньге белгі қойды. Үйден дауыс беруге өтініш қалдырған 4251 адамның да тілегі қанағаттандырылды.

Тіркеуден өткен байқаушылар референдумның өту барысын бақылап, учаскелерде заңбұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеді. Белгілі болғандай, аймақта 25 қоғамдық ұйым аккредиттелген. Дауыс беру процесін саяси партиялар мен халықаралық байқаушылар да бақылады.

– Референдумның ашық әрі әділ өтуін азаматтық қоғам өкілдері мен «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының 2 мыңнан астам байқаушылары назарда ұстады. Сайлау орындары таңғы сағат 6-да ашылып, сайлаушылар 7-ден бастап таңдау жасауға мүмкіндік алды. Референдум учаскелерінің ешқайсысында заң бұзу деректері тіркелген жоқ, – дейді «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ облыстық филиалының жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов.

Сонымен жексенбіде АЭС салу мәселесіне нүкте қоятын республикалық референдум сағат 20.00-ге дейін жалғасты. Бүкіл учаскелер жабылған соң Орталық референдум комиссиясы (ОРК) референдумға қатысу белсенділігі алдын ала дерек бойынша 63,87% болғанын мәлімдеді. Бұл – 7820918 адам. Референдумға қатысу көрсеткіші жөнінен Қызылорда облысы алда тұр – 82,48%. Ең төмен көрсеткіш Алматыда (25,39%) тіркелген. Астанада бұл көрсеткіш (50,81%) екі еседен көп.

Ал кеше комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров 7 қазан күнгі таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша алдын ала қорытындыны жария етті. Референдумға қатысуға құқығы бар 12284487 адамның 7820204-і немесе 63,66%-ы таңдау құқығын пайдаланған.

– Еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12%-ы немесе 5561937 адам Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген. 2452271 адам қарсы дауыс берген. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны – 82 729. Жарамсыз деп танылған 130267 бюллетень анықталды, – деді ол.

ОРК-ның ақпаратына сәйкес заңға аймақтық референдум комиссиялары дауысты санағаннан кейін екі күн ішінде әр өңір бойынша хаттамалардың түпнұсқаларын тапсыруы тиіс.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<