Дене тәрбиесі – бұқара денсаулығы

401

0

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», – деген болатын. Шындығында, елдің әл-ауқаты, жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз мүмкін емес.

Мемлекет басшысы жаңа Қазақстан құрудың жаңа міндеттеріне тоқталып, халықты ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды. Ел дамуындағы айрықша бетбұрыстар әр салада көрініс тапқан жағдайда, олар өздерінше креативті шешімдер қабылдауды мақсат еткенде ғана елде болатын экономикалық өзгерістерге әкеледі. Кез келген реформаны іске асырудың кілті ғылым мен білімде екеніне дау жоқ. Сондықтан өркениетке ұмтылған жаңа Қазақстанның кескін-келбетін білімді жастар мен еңбекқор мамандар жасайтыны анық. Осы орайда, ел Президенті тарапынан жоғары білім беру жүйесіне жаңаша талаптар мен жауапты міндеттер жүктеліп тұрғаны жасырын емес.

Қызылорда «Болашақ» университетінің уығын тіктеп, шаңырағын көтергеніне 2023-2024 оқу жылында 28 жыл толып отыр. Яғни, жекеменшік жоғары оқу орыны ретінде қалыптасып, білім нарығында қаншама түлектер дайындап, қоғамның қолайына келетін мамандармен қамтамасыз етіп, білім нарығында өзін дәлелдеп келе жатқанына да ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Университет осы аралықта әртүрлі мамандықтар бойынша ел дамуына қажетті қаншама мамандар даярлады. «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі Б.С. Досманбетовтың келешек ұрпақтың білімді, ақыл мен парасатқа құштар болып өсуі үшін жағдай жасауы көп адамның қолынан келмейтін шаруа. «Ең қайырлы инвестиция, ұрпақтың тәрбиесіне, біліміне салған инвестиция» деген заманауи нақылдың негізгі философиясы ақиқатқа тіреледі. Шындығында елдің ертеңгі қызметшілерін тәрбиелеуден, соларға дұрыс білім мен бағдар беруден артық не болуы мүмкін?

Біздің бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз «Болашақ» университетінің «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы болмақ. Қаһарман ұлдар мен қайсар қыздардың оқитын мамандығы университетімізде 2008-2009 оқу жылында ашылған. Әр жыл сайын 250-300 түлек бітіріп, маман ретінде дипломдарын алып, өздері оқыған, университет қабырғасында жүріп тәжірибе жинақтаған мамандықтары бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп келеді. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы білікті ұстаздар мен спорт саласында жетістікке жетіп жүрген мамандардан жасақталған. Әріге бармайақ, өткен жылдағы жасалған жұмыстар мен жеткен жетістіктерге тоқталсақ та, оқырман қауым көп нәрсеге қанық болары һақ.

2023 жылдың 12 сәуірінде «Жаратылыстану және спорт» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы «Бұқаралық спортты дамыту және жастарды спортқа тарту жолдары мен әдістерін ұйымдастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Аталған іс-шараға республиканың бірнеше өңірінен және Өзбекстан Республикасынан келген бапкерлер қатысып, бұқаралық спортты дамыту және жастарды спортқа тарту жолдары мен әдістерін ұйымдастыру кезіндегі кездесетін қиыншылықтар мен оны жеңудің тиімді жолдары туралы көзқарастарын ортаға салды.

Дөңгелек үстел аясында «Бұқаралық спорттың облыс төңірегінде дамуы» (баяндамашы: облыстық мәдениет және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Сихымов Ғалымжан Бітімбайұлы), «Спорттық ойындарды дамыту – бұқаралық спорт негізі» (баяндамашы: «Қайсар» волейбол клубының төрағасы, облыстың аға жаттықтырушысы, ұлттық дәрежедегі төреші Даутов Абай Сайынұлы), «Сравнительный анализ развития массового спорта в разных странах» (баяндамашы: КССРО спорт шебері, педагогика ғылымының магистры Измаханова Мейрамгул Ахметқызы) тәрізді тақырыптар қозғалды. Іс-шара барысында сөз алған Даутов Абай Сайынұлы университеттің кітапхана қорына «Дауылпаз «Динамо», «Олжас және оның командасы» атты кітаптарды сыйға тартты.

2023 жылдың 17 қараша күні Халықаралық студенттер күніне орай, Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «DIAMOND SHOW» студенттік жастар балы болып өтті. Осы шараға Қызылорда «Болашақ» университетінің білім алушылары да белсене қатысты. Кафедраның үздік білім алушысы Аралбаев Досбол Қамбарұлы спорт саласы бойынша үздік жетістіктерін шараға қатысушыларға таныстырды. Сондай-ақ, Досбол Қамбарұлына шара соңында облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Баймановтың алғыс хаты табысталды.

Дене шынықтыру сабақтары денсаулықты нығайту, тұлғаны жанжақты дамыту және спорттық жетістіктерге қол жеткізу үшін ғана емес, сонымен қатар, болашақ өндірістік қызмет үшін кәсіби-қолданбалы дене шынықтыру дағдыларын игеру мақсатында да өткізіледі.

«Болашақ» университетінің студенттері өңірлік, республикалық және халықаралық ауқымдағы түрлі спорттық іс-шараларға үнемі қатысып, жеңімпаздар сапынан көрініп келеді. Атап айтар болсақ, университетіміздің Фис-22/3 оқу тобының студенті, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының жеңімпазы Руслан Теміржан, Фис21 оқу тобынан 2022 жылғы 1-3 сәуір аралығында өткен Кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасында WKF каратэ бойынша ҚР чемпионатының жеңімпазы, жасөспірімдер арасында +76 кг салмақ бойынша Қазақстан чемпионы, Әлем және Азия чемпионы Ниязбеков Ерасыл Нартайұлы, Фис-22 оқу тобынан спорт шеберіне кандидат, гандболшы қызымыз Шағапова Диана, Фис-22 оқу тобынан гир спортынан 2023 жылғы қыркүйек айында Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен әлем чемпионатының 2 орын иегері, әлем чемпионы Мажиев Ислам, Фис-22/3 оқу тобында оқитын, Жасөспірімдер арасында Қызылорда облысының жеті дүркін чемпионы, 2016-2020 колледж студенттері арасында баскетболдан Қызылорда облысының төрт дүркін чемпионы, 2016-2023 баскетболдан медициналық мекемелер арасында бірнеше дүркін чемпион, Қызылорда облысының ішкі лигаларының төрешісі Данияр Болатұлы секілді сайыпқырандарымыз әйгілі додаларда атойлап келіп, олжа салып жүргендерін мақтан етеміз.

Студенттеріміздің түрлі сайыстарда жасындай жарқылдауларына жағдай жасап, олардың әрдайым қалпын сақтап жүрулеріне университет ректоры Қ.Б. Бақберген барынша қолдау көрсетіп келеді. «Жақсы істерді ұлға үйретсең бір адамды тәрбиелегенің, игі қасиеттерді қызға сіңірсең қауымды тәрбиелегенің», – дейді халық даналығында. Аймағымыздағы жекеменшік жоғарғы оқу орындарының көш басшысы «Болашақ» университеті тәлімді тәрбие мен терең білімнің ошағы десек, қателеспесіміз анық. Шындығында «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы тек қана спортқа бейімдеумен шектелмейді. Кафедрадағы профессор-оқытушылар құрамы педогогикалық түрлі әдіс-тәсілдерді басшылыққа ала отырып, әрбір студентке білім мен тәрбиені қатар дарытып келеді. Спортпен шұғылданатын санасы сергек, білімі терең, өз-өзіне сенімді түлек ертеңгі күні туған елге университет қабырғасында алған білімі мен білігін сала қызмет жасайтынына бек сенімдіміз.

Б.САЙМАҒАНБЕТОВ,

«Болашақ» университетінің

«Рекрутинг және мансап»

орталығының жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<