Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесті.
Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері туралы айтты.
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес біз денсаулық сақтау саласының дамуына, медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нығаюына, олардың қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, тапшы кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөліп келеміз. Заманауи жаңа ғимараттарды ел игілігіне табыстап, медицина қызметкерлерінің жылы да жайлы жұмыс орнында халыққа сапалы қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалуда. Нәтиже жаман емес. Жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталса, ана өлімі 5,7 есе, сәби өлімі 13,4%-ға төмендеді. 2023 жылдың қорытындысымен 3 негізгі медико-демографиялық көрсеткіштің нысаналы индикаторына қол жетті. Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 52,1 млрд теңге қаралып, 23 медициналық нысан салынды. Оның 17-нің құрылысы аяқталды. Биыл 5,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 5 нысан құрылысы жүргізілуде, оның 2-еуі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 нысан құрылысына сатып алу конкурсы жарияланды. Мердігерлер анықталғаннан кейін тездетіп құрылысты бастаймыз. Нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне табысталады, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қызылорда қаласы мен аудандарда салынуы тиіс бірқатар медициналық нысан құрылысына қажетті қаржы бөлу мәселесіне ықпал етуді сұрады. Мәселен, Қызылорда қаласындағы №4 және №5 қалалық емханалардың құрылысы шешімін таппай келеді. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бөлімшелеріне модульдік жедел жәрдем станциясын салу қажет.
Ақмарал Шәріпбайқызы Қызылорда облысының медицина саласындағы жетістіктерді атап өтіп, аймақ басшысы көтерген мәселелер зерттеліп, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<