Департамент басшылары жаңа қызметте

972

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев пен жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Тоғызбаевты жаңа қызметке тағайындауларына байланысты құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді. Сыр халқының ілтипаты ретінде облыстың Құрмет грамотасын табыстады.

– Рустам Сапарбекұлы, аймақта сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлесімді атқара отырып, 40-тан астам қылмыстық істі сотқа жолдап, 500 млн  теңгеге жуық қаражатты мемлекет мүддесіне қайтаруға қол жеткізді.

Облыс әкімдігімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық деректерін анықтаумен ғана емес, түрлі салаларда жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша 60-тан аса заңсыз әрекеттерді анықтап, оларды дер кезінде жою үшін белсенді шаралар қабылдады. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік берді.

Ал, Қайрат Әбенұлы еңбек жолын қарапайым инженер-жерге орналастырушыдан бастап, Қармақшы, Шиелі аудандары әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Мемлекеттік қызметте сатылап өскен білікті маман.

Біздің облысымызда жыл соңына дейін 150 мың гектар жер мемлекетке қайтарылу қажет болса, қазір 145 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 96% орындалды. Мұнан бөлек, Қайрат Әбенұлы 2015 жылдан бастап 500 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекетке қайтарылуына, жерді бақылау саласында 195 млн теңге әкімшілік айыппұл, заңнаманы бұза отырып пайдаланып жатқан жерлерден 146 млн теңге бюджетке қосымша қаржы түсіруге зор үлесін қосты.

Сыр өңірінің дамуына ерекше үлес қосып, жемісті еңбек еткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін және ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Рустам Ақмырзаев агенттіктің орталық аппаратына арнайы департамент басшысының орынбасары жауапты лауазымына, ал, Қайрат Тоғызбаев ротация тәртібімен Қазақстан Респбуликасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Басқосу соңында құқық қорғау органдарының басшылары мен ардагерлер қос азаматтың адал әрі жауапкершілікпен атқарған қызметтерін тілге тиек етіп, жаңа лауазымына табыс тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<