Департаменттің жаңа басшысы

436

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің жаңа басшысы таныстырылды. Отырысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Мақсат Жебегенов   арнайы қатысты.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып Ахметқалиев Қуаныш Жұмағалиұлы тағайындалды.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығын атап өтіп, департаменттің жаңа басшысының жұмысына сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес екенін атап өтті. Президентіміздің тапсырмасымен, агенттіктің бастамасымен «Адалдық алаңы», «Антикор орталығы», «Адал білім» секілді жобалар қолға алынып, қылмыстың алдын алуда, тұрғындардың құқықтық сауатын ашуда оң  нәтиже көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, жемқорлық тәуекелдерін талдап, оған қарсы мәдениет қалыптастыруда, түрлі саладағы құқықбұзушылықты анықтауда құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс атқару керек, – деді облыс әкімі.

Әріптестер атынан облыстық соттың төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық полиция департаментінің басшысы Махсудхан Аблазимов Қуаныш Ахметқалиевке игі тілектерін жеткізді.

Қуаныш Жұмағалиұлы 1982 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университетінен «Құқықтану», Қазақстан-Америка еркін университетінен «Қаржыгер» мамандықтарын алған. «Құқықтану» магистрі.

Еңбек жолын 2005 жылы қаржы полициясы анықтау бөлімінің бас инспекторы болып бастаған. 2005-2018 жылдары Астана қаласының қаржы полициясында және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстық департаменттерінде жауапты қызметтер атқарған. 2018-2019 жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер және Қаржы мониторингі комитеттерінде еңбек еткен. 2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі орталық аппаратында басшылық лауазымдарда болған. 2022-2023 жылдары агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, 2023 жылдың мамыр айынан бүгінге дейін агенттіктің орталық аппаратының анықтау және алдын алу қызметі басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<