Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап жоғары. Өзінің әділдігімен, сабырлығымен, қарапайымдылығымен, білімімен, тәжірибесімен ғана емес, қызметте және кез келген ортада өзін ұстай білуі, әдептілігі, көпшілік алдында сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысымен де үлгі болуы керек. Алайда, аталған талаптар үдесінен шықпай, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретіндер де жоқ емес. Бұл мәселе Әдеп жөніндегі кеңес отырысының күн тәртібінде қаралды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы департаменті Әдеп жөніндегі кеңес отырысында 6 мәселені көтерді.
Отырыста облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі заңнама бұзудың алдын алу бағытында атқарған жұмыстарды Омар Бержанов айтты. Департамент басшысы құқық бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттау бағытында бірқатар шаралар жасалғанымен, жыл басынан 3 қызметкер жұмыстан түрлі себептермен шығарылғанын және 1 сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылық орын алғанын мәлімдеді.
– Биылғы 25 сәуірде жұмыстан тыс уақытта облыстық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері жеке моншаны тексеру қорытындысымен берілген ұйғарымдаманы орындамау фактісімен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін жеке кәсіпкерден пара алу үстінде ұсталған. Аталған дерек негізінде қызметтік тергеу жүргізіліп, департаменттің аға инженері жұмыстан шығарылды. Бұдан бөлек, тәрбие және алдын алу жұмыстарын нашар жүргізгендері үшін төтенше жағдайлар басқармасының басшысы мен сол уақытта бастықтың міндетін атқарушыға тәртіптік жаза жарияланды. Өз еркімен жұмыстан босату туралы баянат ұсынуына байланысты басқарма басшысы жұмыстан шығарылды, – деді хабарламашы.
Тәртіптік кеңес мүшелері департаментте және оған қарасты өрт сөндіру мекемелерінде орын алған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық мәселелеріне ішкі талдау жүргізуді ұсынды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралған екінші мәселеге байланысты ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыстағы департамент басшысы Гүлмира Өтегенова хабарлама жасады.
– Жұртшылықты хабардар ету және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы 6, биыл 3 жария тыңдау өткізілді. Департаментке былтыр барлығы – 156 жеке және 58 заңды тұлғадан, ал жыл басынан 102 жеке және 24 заңды тұлғадан өтініш қабылданып, оларға жауап жолданды. Соңғы жылдары 6 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды,– деді ол.
Кезекті кеңес отырысында облыстық көліктік бақылау инспекциясы тәртіптік комиссиясының жұмыс нәтижелері, Арал ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілінің өткен 6 айда атқарған қызметінің нәтижелері, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті әкімінің, Шиелі ауданы әкімі аппараты басшысының тәртіптік ісі қаралды. Аталған мәселелер бойынша Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының шешімі қабылданып, ұсынымдар берілді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<