Құрметті Әлихан Асханұлы!
Осы жылдың 17-31 қаңтар аралығында «Ашық НҚА» (нормативтік-құқықтық актілер) жария талқылау порталындағы 2026 жылға дейінгі бәсекелестікті қорғау және дамыту тұжырымдамасы осы депутаттық сауалымыздың себебі болып отыр. Онда АИТВ-инфекциясының зертханалық диагностикасын бәсеке ортаға беру ұсынылады.
Тұжырымдаманың мақсаты нарық субъектілері үшін қолайлы бәсекелестік орта құру, бәсекелестікті тежейтін жүйелі кедергілерді жою болып табылады. Тұжырымдамада көзделген шаралар теріс әлеуметтік-экономикалық, демографиялық салдарларға әкеп соқтырмайды деп болжанады.
Сонымен қатар, сарапшылардың бағалауынша, әлемде АИТВ-инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде АИТВ тез таралуда. Әлемде 80 млн-нан астам адам АИТВ-инфекциясымен ауырып, оның 35 млн-ы қайтыс болды.
Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін 28 773 адам тұрады. 2021 жылы АИТВ-инфекциясының 3 478 жаңа жағдайы тіркелді, ұқсас кезеңге қарағанда 4,2%-ке және соңғы 5 жылда 13,5%-ке өсті (ерлер – 65,2 %, әйелдер – 34,8 %). Инфекцияның берілу жолдары да өзгерді, егер 90-шы жылдары елде есірткіні пайдаланатын адамдар арасында ғана инъекциялық тәсілі басым болса, бүгінде АИТВ-ның 70,3%-і жыныстық жолмен беріледі.
Елімізде АИТВ-инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылуда. Ауру медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсетіле отырып («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 162-бабы), әлеуметтік мәні бар аурулардың тізіміне енгізілген. Медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелерімен ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған қызметі айналысады.
Соңғы 10 жылда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды антиретровирустық терапиямен қамту 6 есеге артты (14%-тен 79%-ке дейін), ЖҚТБ-дан өлім-жітім төмендеді. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан орталықтандырылған бақылаудың арқасында Қазақстанда АИТВ-инфекциясының таралуы шоғырланған сатыда (0,2%) сақталып отыр, әлемдік көрсеткіш – 1,1%.
Жыл сайын елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ-ға орта есеппен 3,5 млн зерттеу жүргізіледі. Талдау нәтижелері нақты уақыт режимінде АИТВ-инфекциясының барлық тіркелген жағдайлары бойынша деректерді жинауға, сақтауға, беруге, мониторингтеуге және талдауға арналған электрондық бақылаудың ақпараттық базасында тіркеледі. Қолда бар қауіпсіздік сертификаты оның сенімділігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жаңа бастамасы барлық тәуекелдерді ескеріп, саланың нақты мүмкіндіктері мен жағдайларын ескеруі тиіс.
Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде пациенттерді тексеру нәтижелерін, медициналық ұйымдардың, оның ішінде жеке зертханалардың статистикалық деректерін біріктіретін бірыңғай ақпараттық платформа әлі де жоқ. АИТВ-ны зерттеуді орталықсыздандыру мониторингті жүзеге асыруды және жедел ден қою шараларын қабылдауды айтарлықтай қиындатады.
Бұл ретте АИТВ кешенді диагностикасының бастапқы зерттеуін ғана беру ұсынылады. Талдаудың оң нәтижесі болған жағдайда эпидемиологиялық тексеру жүргізу, берілу жолдары мен факторларын белгілеу, байланыс жасаушыларды іздеу және тексеру жөніндегі шаралар кешенді диагностикадан тыс қалады. Мұндай жағдай алгоритм компоненттерінің бұзылуына, зерттеу мерзімдерінің ұзаруына, соның салдарынан науқасты емдеудің кеш басталуына және АИТВ-инфекциясының таралуының бақылаусыз өсуіне әкеледі.
Бұрын Қазақстан Республикасында бәсекелестік ортаға жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен гепатиттерге зерттеулер жүргізуді беру тәжірибесі болған. Нәтижесінде біз осы аурулардың таралуын бақылауды жоғалттық. Бүгінгі таңда олар бойынша сенімді статистика жоқ және сәйкесінше бұл инфекцияларға қарсы әрекет ету бағдарламасы да жоқ.
АИТВ зерттеуінің бірінші кезеңін бәсеке ортаға беру бойынша басқа елдердің (РФ) тәжірибесі осы аурудың таралуының жедел қарқынына алып келді. Нәтижесінде, бірнеше жылдан кейін бұл елдер АИТВ диагнозын мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінің мекемелеріне қайтаруға мәжбүр болды.
Жалпы, біз бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың жалпы үрдістерін елдің экономикалық дамуының басым бағыттары ретінде қолдаймыз.
Сонымен бірге, халықтың денсаулығы мәселелерінде эпидемиологиялық жағдайды бақылауды жоғалту ретінде ықтимал теріс сын-қатерлер мен салдарлар тұрғысынан енгізілген өзгерістерге мұқият талдау жүргізу қажет деп санаймын. Сонымен қатар, жоғарыда келтірілген ұсыныстар сапаны жақсартуды, диагностика мерзімдерін қысқартуды немесе пациент үшін осы қызметтің құнын төмендетуді білдірмейді, керісінше, тестілеу процесінің бұзылуы және бірінші кезеңнің қымбаттауы күтіледі. Осыған байланысты бәсекелес ортаға тиісті жүйелі дайындықсыз АИТВ-инфекциясы диагностикасын беру ерте деп санаймыз.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, құрметті Әлихан Асханұлы, АИТВ-инфекциясы диагностикасын бәсеке ортаға беру мәселесін кейінге қалдыру және осы мәселені тағы бір рет зерделеу ұсынылады.
Құрметпен,
А.Әлназарова,
Н.Төреғалиев,
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары





