Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Жуырда Қызылорда облысына арнайы іссапармен барып, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарындағы ауыл шаруашылығы құрылым басшылары және диқандармен кездесу барысында олардың айтқан ұсыныс-тілектері осы депутаттық сауал жолдауға негіз болды. Өңірдің аграрлық саласының негізгі дақылы – күріш өсіру және өндіру, ол еліміздің ішкі нарықтағы сұранысының 80%-ін қамтамасыз етіп отыр. Алайда осы салада жылдар бойы қордаланып келе жатқан мәселе әлі күнге дейін шешімін таппақ түгілі, қайта күрделене түсуде. Облыстағы суармалы жерлердің жағдайы сын көтермейді, яғни тиісті қаржы бөлінбегендіктен, суармалы жерлердің су және кәріздік жүйелері уақытылы тазаланбайды, ұйық басып, жердің шамадан тыс сорлануы мен тұздануына әкеп соғуда. Дамыған елдерде 1 текше метр суға 4-6 келі ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 келі, яғни, 6 есе аз өнім алынады. Ал 1 келі өнім өндіруге дамыған елдерде 160-400 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр су жұмсалады. Демек, еліміздегі суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз. Бұл – Үкімет тарапынан назар аударарлық мәселе.
Егіннен жоғары өнім алудың бірден-бір кепілі – қажетті минералдық тынайтқыштар мен гербицидтердің уақытылы әрі нормаға сай берілуі. Биыл минералдық тынайтқыштардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2,5-3 есеге дейін қымбаттап кеткен. Мысалы, Өзбекстанда өндірілетін карбамид минералдық тыңайтқышының тоннасы 250 мың теңге, тікелей сатып алу мүмкіндігі болмағандықтан, ортадағы делдалдық қызмет көрсетуші монополист оны 350 мың теңгеден сатуда. Сол сияқты өзімізде өндірілетін аммосфос тыңайтқышы «Казфосфаттан» тікелей сатып ала алмағандықтан, оны да ортадағы делдалдардан күрішшілер қымбат бағаға алуға мәжбүр.
Диқандар қазіргі нарықтағы несие серіктестіктерінен несие алу үшін құжаттарды дайындау, рәсімдеу өте ұзақ уақыт алып, несиелер қысқа мерзімге беріліп келетінін және бұл несиеге көпшілігінің қолы жете бермейтінін айтып, осыны жеңілдетуді сұрайды.
Өңірдегі су тапшылығы жағдайында әртараптандыру бағытында күріштен басқа суды аз қажет ететін жүгері, жоңышқа, арпа, қант қызылшасы сияқты дақылдарына бейімдеу қажет. Қазіргі таңда облыс шаруашылықтарының қолданыстағы техникаларының 90%-і күріш дақылын орналастыру мен жинауға бағытталған. Сондықтан да күріштен басқа дақылдарды орналастыруға, күтіп-баптауға жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге Үкімет тарапынан қолдау жасау керек.
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Жоғарыда айтылғандарға байланысты күріш шаруашылығының ерекшелігін ескере отырып, Үкімет тарпынан тиісті іс-шараларды қабылдауға ықпал етуіңізді сұраймыз. Сонымен қатар, біріншіден, еліміздегі ең үлкен су тұтынушы, су қорының 60%-ін егін суару мақсатында пайдаланады. Сондықтан да бұрыннан бері айтылып келе жатқан «Мелиорация туралы» Заң аса қажет екенін қазіргі жағдай көрсетіп отыр. Бұл заңда жерді мелиорациялау бойынша мемлекеттік органдар мен жер пайдаланушылардың жауапкершілігі, су шаруашылығына қатысты мемлекеттік реттеу шаралары терең нақтылануы тиіс.
Екіншіден, біздің ауылшаруашылық өндірушілері Еуразиялық Экономикалық одақтағы Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені, бұл елдердің шаруаларының жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін бөлімшелері барлық аудандарда орналасқан Агробанктері жұмыс жасайды. Бірыңғай Экономикалық кеңістігінде жұмыс істеуде бірдей жағдай жасау және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық шаруалардың бәсекелестік қабілетін арттырып, арзан, ұзақ мерзімді несиелер беру үшін осы кезге дейін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтеріліп, бірақ шешімін таппай жатқан мамандандырылған Ауылшаруашылық банкін ашу мәселесін арнайы қарауыңызды, оның оң шешілуін бүкіл шаруалар күтіп отырғанына назарыңызды аударғымыз келеді
Құрметпен,
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты





