Құрметті Әлихан Асханұлы!
Кезінде су көлемі жағынан әлемде төртінші орында тұрған Арал – Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын шектен тыс көп пайдаланудың нәтижесінде айналдырған жарты ғасырдың ішінде 10 пайызы ғана қалып, теңіз аумағының төрттен үшінің қысқаруына әкеп соқтырды. Арал трагедиясы кезінде БҰҰ мінберінде де көтеріліп «Арал теңізінің жойылуы тек Орталық Азия өңіріне ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті мәселе» екендігі ашық айтылған болатын. 2005 жылы «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды құтқару» жобасы аясында Кіші Аралды сақтап қалу үшін «Ғасыр жобасы» атанған ұзындығы 13 шақырым болатын «Көкарал» бөгеті салынды. «Көкарал» бөгетінің арқасында Кіші теңіз суы біршама молайып теңізге балық толып, өңір тұрғындарының әл-ауқаты жақсарды, ең бастысы экологиялық ахуал жақсара бастады. «Көкарал» бөгеті – табаны құрғап кеткен теңіз бен Кіші Аралдың арасына салынып, ол артық суды құрғаған теңізге ағызып, қалған уақытта кіші теңіздің суын ұстап тұратын ерекше бөгет. Бұл құрылысқа республикалық бюджеттің де, Дүние жүзілік банктерінің қаржысы да тартылды.
2017 жылы қазан айында Су ресурстары комитетімен гидротехникалық құрылыстарды зерттеу жөніндегі құрылған комиссия «Көкарал» бөгетінің су тастау құрылысының оң жақ жағажай еңістігі сумен шайылып, зақымдалғанын анықтады. Бұл мәселе бойынша 2019 жылы 14 мамырда Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында ел Президенті Қ.Тоқаев Үкіметке және Қызылорда облысының әкімдігіне Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырған болатын. Сонымен қатар Сенат төрағасы М.Әшімбаев үстіміздегі жылдың мамыр айында Сенат отырысында: «Бүгінде «Көкарал» бөгетінің 200 метрі шайылып кеткен. Сондықтан да біз тез арада күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлуіміз керек. Келесі жылдың бюджетін қарағанда осы жобаға тиесілі соманы толық беруге тырысайық» деп Үкімет, оның ішінде Қаржы министрлігіне шегелеп айтқан еді.
Осыған байланысты республикалық бюджет есебінен осы жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, ағымдағы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны 4 млрд 582 млн теңгені құрайды. Үстіміздегі жылы қыркүйек айында республикалық бюжеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн теңге бөлінді. Алайда, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің «Көкарал» бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған.
Осыған байланысты, Құрметті Әлихан Асханұлы, жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде жоба бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтауға қалған 4 млрд 080 млн теңге бөлінуін қамтамассыз етуіңізді сұраймыз. Қазір Сырдария өзенінен кіші теңізге түсіп жатқан судың аздығы құрылыс жұмысын барынша жеңілдетеді және қаржы үнемдеуге ықпал етеді. Егер «Көкарал» бөгетін сақтай алмасақ 27 млрд текше метр су көлемі бар Кіші Арал теңізінен айрылып, экологиялық апат орын алатыны сөзсіз.
Құрметпен,
М.БАҚТИЯРҰЛЫ
Д. НҰРЖІГІТОВА
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<