«Digital agent» арқылы 173 қызмет сапасына баға берілген

1011

0

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнама бұзушылықтарының алдын алу мақсатында аумақтық департаменттерге онлайн семинар өткізілді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырған семинарда қызмет көрсету барысында орын алатын кемшіліктер айтылып, заң нормалары түсіндірілді.

«Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға тікелей әсер етумен қатар, қызмет алушылар алдында мемлекеттік биліктің оң имиджін қалыптастыратын бірден-бір басымды бағыт болып табылады», – деді департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

Семинарда ағымдағы жылдың 8 айында бақылау шараларының нәтижесімен анықталған заңбұзушылықтар талқыланды. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша 4 профилактикалық бақылау, 7 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, аумақтық департаменттерде 23 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде, стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету – 14, толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсету – 1, қызмет көрсету мерзімдерін бұзу – 5, негізсіз бас тарту – 1, өзге де бұзушылықтар – 2.

«Қызмет көрсетуші мекемелерді электрондық қызметтердің үлесін арттыру, көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Жыл басынан бері «Digital agent» мобильді қосымшасы арқылы қызмет көрсету сапасына 173 баға беру түсті. Оның ішінде 23 теріс бағалау болған. Барлық аумақтық департаменттерді, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалын қызмет алушылардан түскен теріс бағаларға (шағымдарға) уақтылы жауапты орналастыруды сұраймыз», – деді департаменттің бас маманы Нұржан Сүлейменов.

Сонымен қатар, семинарда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің жанындағы Ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Ықылас Дулатов сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оның алдын алу туралы баяндама жасады. Аумақтық департамент қызметкерлеріне әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауаптылық пен жаза түрлері түсіндірілді.

Семинарда қызмет көрсету барысында кездесетін түйткілді мәселелер де талқыланып, қатысушылармен пікір алмасылды.

ҚР МҚІА Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<