«Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру»

1681

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Алқалы жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, облыстық сот төрағасы мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен аймақ ұстаздары қатысты.

Салтанатты жиынның ашылуында Мемлекеттік әнұран орындалды. Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев еліміздің ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін бейнебайланыс арқылы жолдады.

Облыс әкімі аймақ ұстаздарын алдағы жаңа оқу жылымен құттықтай келе, қай қоғамда да білім саласының алдында тұрған міндет өте ауқымды екенін, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде ұстаздар қауымының жауапкершілігі зор екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі білім мен тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» деп атап өткен болатын.

Қай кезеңде де мемлекет дамуының басты тетігі, стратегиясы сапалы білімге негізделген. Білім сапасын арттыру, педагогтер қауымы мен оқушыларға жайлы жағдай жасау бүгінгі күннің алғышарты саналады. Бұл – келешегімізді кемел, елдігімізді мәңгі етуді көздейтін мемлекеттік көзқарасымыз және азаматтық ұстанымымыз. Біздің оқу-ағарту саласын дамытуға, білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген. Биылғы тамыз кеңесінің «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» атауын еншілеуі – білім саласын цифрландыруды әрі қарай жалғастыру қажет екендігінің бір дәлелі.

Биыл білім саласына бөлінген қаржы 262,1 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,8 %-ын (бюджет 732,8 млрд теңге) құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,5%-ға артық (2023 жылы 241,5 млрд теңге).

Тиісінше, алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі артады. Жаңа мектептер салу, апатты мектептерді және үш ауысымдық оқуды болдырмау – білім саласындағы басым бағыттардың бірі.

Осы жылы балабақшаларды қаржыландыруға 53,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 9,8 млрд теңгеге артты (2023 жылы 43,9 млрд теңге). Өткен жылдың шілде айынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға цифрландыру саласындағы жетістіктеріміздің бірі – Face ID мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл арқылы балабақшаға нақты келген тәрбиеленушілерге ғана мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, нәтижесінде 3 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік туды.

Қазір үйірмелерге нақты келген балаларды есепке алу үшін аталған жүйені мәдениет және спорт саласына енгізудеміз. Бәлкім, бұл жұмыстар оңай ақша тауып үйреніп қалған кейбір кәсіпкерлерге ұнамауы мүмкін. Дегенмен, біз цифрландыру саласындағы жаңашылдықтарды енгізіп, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қатаң бақылау орнататын боламыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1 850 оқушыға арналған қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Бюджетке салмақ салмай, қаржы үнемделді. 1 170 орындық 4 мектеп, жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. Алдағы уақытта жаңадан 14 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға беріледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 100 орындық және Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 150 орындық мектептер салынуда. Аталған білім беру нысандары жақын күндері табысталады.

Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп және «Ақшатау» ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтерді.

Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры,  жергілікті бюджет есебінен Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудандарындағы, Қызылорда қаласындағы білім ошақтары жанынан оқу ғимараты, асхана, спорт залы сияқты қосымша құрылыстар жүргізілуде.

Жеткіншектерді қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайы», жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» және 50 орындық «Өнер мектебі» салынып, ел игілігіне та­бысталмақ. Сол жағалауда «Саутс Ойл» компаниясының де­меушілігімен музыкалық колледж ғимараты салынуда. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан «Шығармашылық академиясының» іргетасы қаланды.

Биыл жергілікті бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөнделуде. Білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға жергілікті бюджеттен 456 млн теңге қаржы бөлініп, 2 016 цифрлық камера орнатылды.

Барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз қауіпсіздік жүйелерімен қамтылды. Келесі жылға мектеп, балабақша, қосымша білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін жаңартуға қосымша қаржы бөлінеді деп жоспарлануда.

– Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында пәрменді шаралар қабылдануда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 100 пәтер, биылғы бірінші жартыжылдықта 127 пәтер берілді.

Оларды әлеуметтік қолдау жалғасын табады. Биыл жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорына 5,2 млрд теңге бөлінді, 87 331 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бюджеттен 9 млрд теңге қаржы қаралды. Бұның барлығы – саламатты, білімді ұрпақ тәрбиелеуге көрсетілген мемлекет қолдауы.

Мектеп – оқушы – ата-ана үштағаны үйлесімділікте жұмыс жасауы қажет. Қазір жастар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, құқықбұзушылық, қылмыс, суицид, кибербуллинг, топтық төбелес, тағы басқа да келеңсіз жағдайлар жиі кездесуде. Біз өз тарапымыздан кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында шаралар қабылдап келеміз,– деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі өз сөзінде бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу, ұстаздармен қатар, ақсақалдар алқасының, аналар кеңесінің, қауымдастық мүшелерінің бірлескен шаралар қабылдауы өте маңызды екенін атап өтті.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндама жасап, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша қол жеткен нәтижені назарға ұсынды.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл ҰБТ нәтижесімен мемлекеттік грант конкурсына қатысқан 6252 бітіруші түлектің 4752-сі, яғни, 76,1 пайызы мемлекеттік грант иеленді. Айта кетейік, бұл көрсеткіш өңірлер арасында көш бастап, рес­публикада алдыңғы қатарда тұр.

Басқарма басшысы сөзінің барысында жас ұрпаққа тәрбие беру ісінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп отырғанымен, келеңсіз жайттар орын алғанын атап өтті. Бұл жағдайда мұғалім, ата-ана және құқық қорғау орындарымен бірлесе отырып, тәрбиелік жұмыстарды әлі де күшейту қажеттігін айтып, барлық білім беру ұйымдарын осы мәселеде зор жауапкершілікпен жұмыс жасауға шақырды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры М.Медетбекова сөз сөйледі.

– Жалпы әлеуметтік саясаттың негізгі басымдығы болып тұрған білім саласы мемлекет қолдауына ерекше ие болғанын біз сезінуіміз қажет. Мемлекет басшысы өзінің әрбір сөзінде, әрбір Жолдауында, Ұлттық құрылтайдың отырысында бүкіл тапсырмасының өн бойында бірінші кезекте ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор екендігіне үнемі басымдық береді.

«Педагог мәртебесі» заңы қабылданғанын баршаңыз білесіздер. Сондықтан біз – ұстаздар қауымы, осы зор сенімге лайық еңбек етуде күш-жігерімізді аямай, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деді М.Медетбекова.

Кеңесте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов  аймақта білім саласына қолдау көрсетіліп, тың жобалар жүзеге асырылып жатқанымен, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіру қажеттігіне назар аударды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова университет пен Оңтүстік Кореяның Сеул ғылым және технологиялар университеті арасындағы жасалған меморандум аясында IT бағытында қолға алынған білім берудің жаңаша тәжірибесін тарқатып айтып берді. Оның айтуынша, осы аталған жоғары оқу орнын бітірген студенттер екі ЖОО-ның дипломын иеленеді.

Салтанатты жиында белсенді ұстаздарға министрлік марапаттары мен облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Биыл «Үздік орта білім ұйымы» грантын Жалағаш ауданындағы Әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі жеңіп алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<