Димаш Құдайберген Гонконг көрерменін өзінің жаңа шоуымен жаулап алды

531

0

Сурет: Zakon.kz

23 желтоқсанда Димаш Құдайберген Гонконгта жеке концертін берді. Мереке атаулы күнге арналды: осыдан тура жеті жыл бұрын 22 жастағы қазақстандық музыкант «I am a Singer» жобасына қатысу үшін алғаш рет Аспан асты еліне барған еді.

Осы байқауға шақырылған жас әнші алғашқы турда миллиардтаған көрерменді бағындырып, бүкіл жобаны сәтті аяқтады. Күн сайын Dears жанкүйерлерінің аудиториясы кеңейе түсті. Содан бері жеті жыл өтті. Әншінің жанкүйерлер армиясы кеңейіп, түрлі ел мен континентті бағындырды. Жаңа 2024 жыл қарсаңында артист жеті жыл бұрын өзінің шығармашылық жолы жаңадан басталған жерге қайта барды.

Dears Гонконг Көрме орталығына Қытайдан, Еуропаның, Американың, Азияның, Африканың түрлі қалаларынан жиналды. Жолын 2022 жылдың қыркүйегінде Алматыда бастаған «Stranger» шоуы да осы кеште ерекше болды.

Димаш алтын көмкерілген ашық қызыл түстес костюммен шығып, концертті «Golden» әнімен ашты. Ашылудан кейін ол бірден Қытайдағы жер сілкінісінен қаза тапқандар үшін бір минут үнсіздік жариялады. Концерттің басында кештің алғашқы тосынсыйы – Димаштың «Smoke» жаңа композициясы шырқалды.

Көрермен өзін және өткен жеті жылдағы кездесулердің есте қаларлық сәттерін үлкен экраннан көріп, еске алды. Сол сәтте Димаш сахнаға қара-жасыл костюммен қайта келді. Ол «I am a Singer» жобасының бірінші эпизодындағы «S.O.S d’un terrien en détresse» әнін орындады. Бұл туралы Dimashnews.com сайты жазды.

Бұл жолы қазақстандық өнерпазды қолдауға оны «I am a Singer» жобасынан бері танитын танымал музыкант, әнші, композитор және продюсер Джастин Ло келді. Джастиннің жеке орындауынан кейін екеуі қытай тілінде «愛是永恆»/»Махаббат мәңгілік» әнін орындады.

«Dears… Біз бір–бірімізді көптен бері көрмедік, мен Сіздерді сахна үстінен үлкен, тату отбасы екендеріңізді көріп тұрмын. Қолдауларыңыз үшін рақмет. Сіздер болмасаңыздар, мен ештеңеге қол жеткізе алмас едім. Барлығы сіздердің қолдауыңыздың арқасында. Келесі кездесуді тағаттана күтемін», – деп Димаш жанкүйерлеріне шын жүректен алғыс айтып, концертті аяқтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<