Аймақтың саяси-әлеуметтік ахуалына қатысты жыл бойы атқарылған жұмыстардың жайын нақтылап, алдағы жылға әзірленген жоспарды талқылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов руханият өкілдерімен кездесті.
«Достық үйінде» өткен жиында алдымен аймақтағы саяси тұрақтылық, рухани келісім, дінаралық татулық бағытында атқарылған жұмыстарға бейнешолу жасалды. Деректерге зер салсақ, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасына қатысушылар аймақтағы діни ахуал 96,6 пайыз тұрақты деп жауап берген. Бүгінде бұл орталықта 36 маман, оның ішінде 14 теолог-маман оңалту жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, дін мәселесі бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың радикалды идеологиясына тұрақты иммунитет қалыптастыру бағытында тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл мақсатта 237 адамнан құралған 9 топ жұмыс жасайды. Жыл ішінде аталған ақпараттық-түсіндірме топтарының қатысуымен, түрлі деңгейде 1700-ден астам іс-шара өткізілген. Сондай-ақ, биыл аймақтағы діни араздықты және өзге де шиеленісті болдырмау үшін арнайы облыстық сараптамалық кеңес құрылып, жұмысын бастаған.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы күн тәртібінде талқыланып отырған діни ахуал мәселесінің ел бірлігі, оның ішінде өңірде қоғамдық-саяси тұрақтылықтың қалыптасуына ықпалы зор екенін атап өтті.
– Дін мен мемлекеттің түйісер жері – әлбетте, елдің ынтымағы мен бірлігі және тұрақтылығы. Сондықтан осы екі тараптың бірігіп әрекет ететін, өзара ұштасатын тетіктері уақыт өткен сайын жетілдіріліп, айқындалып отыруы тиіс. Айталық, бүгінде елімізде орныққан қоғамдық-саяси тұрақтылықтың негізі – біріншіден, халқымыздың ертеден келе жатқан рухани құндылықтары, екіншіден Мемлекет басшысының салиқалы саясатының жемісі, – деді Н.Сақтағанов.
Келелі тақырыпқа байланысты пікірін білдірген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев дін мәселесінің мемлекеттік саясатта өзіндік ықпалы бар екенін, бұл тұрғыда ұлттық құндылығымызды, тарих пен тағылымды танып-білуге бағытталған тәрбиелік жұмыстардың барлығы осы саламен сабақтас екенін айтты.
– Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы халықтың тұрмысына, өміріне, сеніміне қарай қалыптасқан. Сондықтан бүгінгі басты мәселе – халқымыздың рухани асыл қазынасын жастардың бойына сіңіре білу, – дейді ардагер.
Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Нұрбол Ахметов жыл қорытындысы бойынша орталық жұмысының нәтижесі мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады. Баяндамашының айтуынша, бүгінде облыста исламдық бағытта 78 мешіт, христиандық бағытта 15 шіркеу бар. Бұл ретте басқарма және орталық тарапынан бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осындай қарым-қатынас негізінде өңірдегі діни бірлестіктердің және облыстық қылмыстық атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелеріндегі кітап қорларына зерттеу жүргізіліп, тағы басқа жоспарлы жұмыстар атқарылған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов аймақта дінаралық келісімді сақтау мен қоғамдық тұрақтылықты дамытуда руханият өкілдерінің ой-пікірі әрдайым маңызды екенін айтты. Осы орайда қазіргі қоғамда ең өзекті мәселенің біріне айналған дінаралық татулықты қалыптастыруда өңірдегі дін өкілдерінің, сала мамандарының ізденіске толы үздіксіз еңбегі республика көлемінде лайықты бағаланып жатқанын айтып, алғыс білдірді. Сонымен қатар, осы жылы бас мүфтидің қатысуымен рухани тағылымы мол ауқымды іс-шаралар атқарылғанын, соның бірі – Марал ишан атында діни оқу орны ашылғанын атап өтті.
Кездесуде Қорқыт ата университетінің профессоры Б.Қожамберлиев мектептерде дін тақырыбын оқыту, сондай-ақ, діни сала мамандарын даярлау бағытындағы жұмыстарға аса тиянақтылық қажет екенін айтса, М.Бәйдәулет, С.Алдашбай, А.Тұңғышбаева, М.Ниязов сынды әр сала өкілдері рухани тәрбиені нығайту бағытында заман талабына сай жаңаша бастамаларды жүзеге асыру төңірегінде ұсыныстарын жолдады.
Жиын соңында аймақта рухани келісім, татулық, тұрақтылықты сақтауда еңбек етіп жүрген азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғысымен және облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<