Дін және қоғам

831

0

«Достық үйінде» облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар және руханият» тақырыбында белгілі имам Нұрлан қажы Байжігітұлымен кездесу өтті.

Белгілі дінтанушы Сыр жастарымен кездесуде өзіне қойылған сұрақтарға жауап беріп, жиі көтерілетін мәселелерге тоқталып өтті.

Бұл жолы имам құлшы­лық жасау туралы және садақа беруге қатысты да өз ойын айтты.
Имамның айтуынша, дін қаламмен емес, қадаммен дамиды, яғни, дін жайлы айтып ғана қоймай, ел арасында жиі кездесу өткізіп, жұртшылықпен жақын араласу қажет. Қазақы қарапайым тілде түсіндіру керек.

– Құлшылық жасау – әр адамның жеке мәселесі. Ал мінез – қоғаммен қа­рым-қатынас құралың. Сондықтан еке­уінің арасын дұрыс ажырата білген жөн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде «Садақаның ең үлкені – күлімсіреп қарау» деген. Көп адам садақа беруді қалтасынан ақша шығарып беру деп түсінеді. Бір-бірімізге күлімсіреп, мейіріммен қарай білсек, сол – үлкен нығмет. Қазір жастардың ажырасуы жө­нінде маған көп сұрақ қойылып жата­ды. Отбасында бірлік жетіспейді. Дәстүр мен дінді шатастырмау керек. Қазір – әлеуметтік желінің заманы. Талайдың уақыты осында өтіп жатыр. Бізге жаңа технологияның арқасында келген желіні әркім әртүрлі мақсатқа пайдаланады. Біреу желі арқылы танымал болып жүр, енді бірі осы мүмкіндікті тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықты дәріптеуге арнауда. Басты ниетім – жастарымыздың жүректеріне жол тауып, жақсылыққа ша­қыру. Қоғамда түрлі адам бар, жа­ратылыс бір болғанмен, табиғат, орта, дамуымыз әрқалай. Көп нәрсе ма­залайды, әділетсіздік, жемқорлық, жұ­мыссыздық, имансыздық, білімсіздік, тағысын-тағы. Бұл – рухани құлдырау. Бүгінгі таңда халқымыздың иманнан алыстауына алаңдаймын. Отбасы құн­дылығының деңгейі нашар. Себебі, ер­лі-зайыптылардың қарапайым қарым-қатынастары тұрмыспен, тіршілікпен суып кеткен. Ал олардан өрбитін ұрпақ әрине, кемшін тәрбие алып жатыр. Біз ата жолы мен ата дәстүрді жоғалтып ала жаздадық. Өйткені, елдің алдында жол көрсететін үлкендерді таппай қалдық. Діни жат ағымға ілесушілер қатары азаймай отыр. Мүмкін, бұған мемлекет тарапынан ар­найы заң қабылдануы керек шығар. Десе де, жат ағым өкілдерінің бейнесін бірден танитын, пейілін ажы­рата алатын жастар Құдайға шүкір бар­шылық. Со­ған қуанамын, – дейді имам.

Жиын барысында жастар көкейкесті сұрақтарын қойып, өзара ашық пікір­лесті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<