Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»

1678

0

Түнгі сағыныш 
 
 Түн ауған шақта естеліктерін еске ап,
 Гүліңіз бүгін ұйқысыз.
 Арпалысуға қалмағаннан соң еш тағат,
 Тағдырынан жүр сый күтіп.
  
 Сіздегі жалын өкпесін жойып өткеннің,
 Аруды сағындыруда.
 Самалын сезіп жақындап қалған көктемнің
 Қайтадан жаны жылуда...
  
 Күрсініп қана көзіне жас ап қояды,
 Кінәсі аз болса да.
 Ол өзгермеді!
 Аңғалдығы ғой баяғы,
 Мұңына себеп қаншама...
  
 Ол үшін сіздің жөніңіз бөлек әрдәйім,
 Осыны есте сақтаңыз! 
 Рақметін айтып естелік үшін балдайын,
 Қуанар бақыт тапсаңыз.
  
 Жарым жанына жұбаныш тауып жүр қазір,
 Ауаны жұтып сіз жұтқан.
 "Сағыну деген — осындай" дейді сұм тағдыр
 Сыбырлап келіп тұс-тұстан...
  
 Сағыну — бір дерт!
 Сірә, ол мүлде жазылмас,
 Жадында әлі сіз барсыз.
 Ол қызға енді сіздей бір муза табылмас,
 Жырларын оқып, тыңдарсыз?
 Барлығында да сіз барсыз.
Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»
Сүйген ерін 

 Сағыныштан сан түрлі күйге енемін,
 Сырым көп...
 Ақтаруға именемін.
 Дәл қазір кәдімгідей құрғап жатыр 
 Сен кеше "шиедей" деп сүйген ерін. 
  
 Жалын жоқ жүрегімде, суық денем, 
 Шаршадым күн кешуден үмітпенен! 
 Бүгін, ертең, арғы күн деп тағат таппай,
 Күн санап келуіңді күтіп келем.
  
 Білмеймін саған қалай ақталуды,
 Кешірші өкпелеткен шақтарымды.
 Бұл күні тек самал жел сипалайды
 Кезінде сен ұнатқан шаштарымды.
  
 Сезімім жеңіп ылғи ақылымды,
 Қиын көрем қиялды жасыруды.
 Сен ессіз боп иіскеп, ынтығатын
 Сеппей кеттім сүйікті әтірімді.
  
 Кетірші көңілдегі түнегімді,
 Жоғалтпайын қорғаушы тірегімді.
 Бір үміт бер, мен сонда сақтай берем
 Тек саған тиесілі жүрегімді.
Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»
Мені ғана сүй 

 Қиялдап қап-қара түн ұзарғанда,
 Гүл ғой деп жұлуға еш құмарланба!
 Күйзелген жүрегіңді ұғып тұрып,
 Сүйгеннен басқа менің кінәм бар ма?
  
 Күлгенің ұнайды деп сыр ақтардың,
 Жырақтан жылу сыйлап, ұнап қалдың.
 Бірақ мен жазаланам ба деп қорқам,
 Өйткені, бір серіні жылатқанмын.
  
 Аулақ дедім,
 Қор қылдым сезімдерін,
 Қатал болдым армандап безінгенін.
 Күйбелең кезде менсінбегендердің,
 Кимесем болар еді өзім кебін.
  
 Ешкімді жақын тартып, құшпаған ем,
 Жүректің назарынан тыс қап әлем.
 Толқып, саған сүйші деп айта алмай,
 Балқып барам өзімді ұстап әрең.
  
 Қыз біткен ұнау үшін құлшынатын,
 Бойыңда бар-ау деймін бір қуатың.
 Сәт сайын мен тәуелді болып барам,
 Ақ қайың ем өрлікке ұмтылатын.
  
 Қабағыңнан қар жауса, именіп тым,
 Күлімдеп қарауыңды кейде күттім.
 Қашуыңды қаламай мінезімнен,
 Ашуымды тежеуді үйреніппін.
  
 Бөлінбейік
 Мен оған шыдамаймын.
 Сен барда сүрінбеймін, құламаймын.
 О, Тәңір, екеумізді екі бөлме!
 Бұдан басқа ештеңе сұрамаймын.
Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»
*** 

 Түн
 Ұрлауда жүректегі жырларымды,
 Тыншымастан тыңдауда сырларымды.
 Қап-қара қанатына отырғызып,
 Жұлдызға апаруда мұңдарымды.
  
 Түн
 Ақ құба арманымды жасыруда,
 Тым ащы өксігімді асыруда.
 Тұйық мінез, тым жұмбақ мына менің
 Бар сырымды білуге асығуда.
  
 Түн
 Самалымен өбуде маңдайымды,
 Тілекке толтыруда таңдайымды.
 Ол осы істерімен мына маған,
 Ұқпадым... көрсетуде қандай үлгі?
  
 Түн
 "Жыр жаз!" деп жағама кеп жармасуда,
 Соны тыңдап өмірім жалғасуда.
 Ол менің ақ жырымды тыңдау үшін,
 Жалықпай "алтын күнмен" алмасуда.
  
 Түн
 Өзінше меніменен дос болады,
 Алдайды! Алдағандай жас баланы.
 Мендегі удай мұң мен балдай жырды,
 Осы түндей ұқпайды-ау басқалары.
Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»
Жүректегі сезімімді сен ескер 

 Сенесің бе, ұнатыппын сені шын.
 Мына өзің жүрегімнің емісің.
 Бағаласаң, бақытымсың ең ізгі,
 Мəн бермесең, көңілімнің селісің.
  
 Серім болдың бір көргеннен ұнатқан,
 Сені ойлаумен атты талай бұл ақ таң.
 Ал, сен болсаң, күлімдемек түгілі
 Маған мүлде тіл қатпайсың бірақтан.
  
 Жанартаудай жүрек, шіркін, жануда!
 Сезім отын еркімнен тыс жағуда.
 Бір жағынан үміт етіп бақыттан,
 Бір жағынан тағдырына налуда.
  
 Не қыламын аласұрған жанымды?
 Бір көрмесе сені қатты сағынды.
 Шабытымды не қыламын тоқтамай,
 Мына саған жыр арнаған жалынды?
  
 "Сүйем" десем болар мүмкін өрескел,
 Бірақ онсыз болмайды еш белестер.
 Мына мені онша ұнатпасаң да,
 Жүректегі сезімімді сен ескер. 
Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»
Жақсы көріп қалдым 

 Су сынды сырғып сынақпен өткен сағатым,
 Таусылып тынды тағатым.
 Сырласым болып қаламымменен қара түн,
 Дәрмен жоқ тыным табатын.
  
 Бақыт дегеннен мақұрым қалып маңдайым,
 Еңсемді езер бар уайым.
 "Сүйемін" деген саф сөзін аңсап балдайын,
 Жылайды жүрек әрдәйім.
  
 Күлкісі, үні, қылығы, түрі мас қылып,
 Сөнетін емес тәтті үміт.
 Жаратқанымнан жалына сұрап жақсылық,
 Мен жүрмін ылғи аптығып.
  
 Сенесіздер ме...?
 Ұқсамайды ол басқаға...
 Оған лайығы бақ қана...
 Мен оны сүйем... көңілім болмай басқада!
 Тарихын жазам тасқа да.
  
 Ол —менің барым, жалғызым, күткен ханзадам,
 Тұла бойымды жаулаған.
 Қызықтырмайды... қарсы келсе де бар ғалам...
 Тек оған ғана арналам.
   
Динара Ешнияз. «Мені ғана сүй»
Аймалай бер 

 Өн бойыңа өр сезімнің алтын нәрі таралып,
 Жүрегімнің бар қалауын жанарыма қарап ұқ!
 Назарыңды салған сайын "сүйкімдім" деп сүйсіне,
 Мен тұрайын майысып ап, Қыз Жібектей таранып.
 Сен қарай бер қадалып...
  
 Шөл қандырар сусын таппай құрғағанда тамағың,
 Мына менің ерінімді сол сусынға балағын.
 Мойынымнан иіскелеп, әтіріме мас болып,
 Құшағыңа қысып ал да, "сыңарым" деп санағын.
 Содан ләззәт аламын...
  
 Қолдарымнан нәзік ұстап, "бақытым"- деп еркелет,
 О, серігім, сен бар болсаң, сүрінерлік жоқ себеп.
 Күнімді де, түнімді де көркем қылып әрдәйім,
 Өкінішке душар қылмай өмір бойы өт демеп.
 Жанардан жас төкпе тек.
  
 Аямастан күйдір мені от деміңнің лебіне,
 Аймалай бер... аймалай бер...
 Кетейінші езіле...
 Аққу болып жүзсем деймін өзіңменен саф көлде,
 Пәктігімді аңғарарсың зер сап әрбір сөзіме.
 Сезімімді сезіне...
  
 Аялашы
 Аямашы мейіріңді менен еш,
 Сені ашуландыратын қылықтарым жоқ егеш...
 Мұз боп тұрған жүрегімді өзің үшін еріттім...!
 Өйткені, ешкім мына маған сен сияқты тең емес.
 Алыстама менен еш! 

Динара ЕШНИЯЗ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<