Мемлекет тарапынан қабылданған маңызды бастаманың бірі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы болатын. Үкіметтің 2009 жылғы арнайы қаулысымен, Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы бұйрығымен қабылданған бағдарлама бүгінге дейін іске асырылып келеді.
Негізінде бұл бағдарлама нақты қажет кезінде қолға алынды. Өйткені сол екі мыңыншы жылдары ауыл өмірі қиын кезеңді басынан өткергені баршамызға белгілі. Елді мекендердегі қалыптасқан тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы жекешелендірудің желеуімен талан-таражға түсті. Жұмыссыздық белең алды. Жылдар бойы қалыптасқан ауыл тіршілігінің берекесі қашып, жұмыссыз қалған жастар күнкөріс қамымен қалаға қарай үдере көшіп жатты.
Иә, жастар қалаға көшіп келгенімен, мұнда да дайын тұрған жұмыс жоқ. Басында баспана жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрген жас отбасылардың жағдайы шын мәнісінде қиын болды. Ал ауыл тіршілігін өз арнасына сай ұстап тұру үшін халықты, әсіресе жұмысқа қабілетті жастарды елді мекендерде тұрақтандыру өзекті мәселеге айналды. Осы жылдары қабылданған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауыл өмірінің әлеуетін көтеріп, елді мекендерде еңбек етуге ынталы жас мамандарға ерекше қолдау болды. Расында, бағдарламаның мақсаты ауылдың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік саланың қызмет сапасын көтеру, өңірде бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыра отырып, ауылды дамыту, сол үшін елді мекендерде тұруға келген жас мамандарды ынталандыру болатын.
Атап айтқанда, жоғары оқу орнын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт, сондай-ақ, ветеринария мамандығы бойынша бітірген жас мамандардың ауылдық жерге жұмысқа орналасуын қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы, жас маманның тұрғын үй салуы немесе сатып алуы үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (3063*100 АЕК = 4594500 теңге) 15 жылға дейін жылдық 0,01 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау, оған қоса 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірыңғай жәрдемақы алуына мүмкіндігі бар. Осы аталған әлеуметтік қолдауды иеленген маман ауылдық елді мекенде кемінде 3 жыл еңбек етуге міндетті.
Бағдарламаға жауапты облыстық экономика басқармасының мәліметіне қарасақ, биыл 526 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге Қызылорда қаласы және аудандар бюджетінен 161 538 теңге қаралған болса, осы уақытқа дейін 508 маман өзіне тиесілі жәрдемақысын алған. Оның ішінде 307 білім, 134 денсаулық сақтау, 8 мәдениет, 3 әлеуметтік қамсыздандыру, 35 спорт, 16 агроөнекәсіп кешені салалары маманы, 3 мемлекеттік қызметкер бар. Сонымен қатар, 517 маманға жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға республикалық бюджеттен 2 373 629 мың теңге төленген.
Бағдарламаға жауапты басқарма мамандарының айтуынша, қазіргі елдегі экономикалық жағдайға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттік несие мөлшері мен біржолғы көтерме жәрдемақы көлемін ұлғайту мәселесі туындап отыр. Бұған байланысты тиісті министрліктерге ұсыныстар беріліп, қаралып жатыр.
Қай кезде де қай сала маманы болсын, басты мәселе баспана екені белгілі. Осы орайда 2010-2022 жылдар аралығындағы жеңілдетілген тұрғын үй алған мамандар бойынша көрсеткішке көз салсақ, 2010 жылы жалпы саны 330 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, оның ішінде басым бөлігі – білім және денсаулық саласының мамандары, яғни, білім саласының 244, денсаулық саласының 77 маманы осы қолдауды пайдаланған. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл (2022 жылы) 517 маман тұрғын үй несиесін алған екен. Жоғарыдағы көрсеткіш сияқты, бұл жылы да білім мен денсаулық саласы мамандарының қатары көп. Айталық, 285 білім саласы, 159 денсаулық саласы мамандары болса, 15 мәдениет, 29 спорт, 23 ауыл шаруашылығы маманы осынау әлеуметтік қолдауды пайдаланған.
Енді осы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жатқан маманның пікіріне кезек берейік. Шиелі ауданының тұрғыны, мұғалім Еркебұлан Рысдәулетов осы бағдарлама бойынша Шиелі кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы №127 мектеп-лицейіне география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Келіншегі – тігінші, модельер-конструктор. Жас отбасы биыл тұрғын үй сатып алды.
– Негізінде жас мамандар үшін өте жақсы бағдарлама. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 0,01 пайызбен яғни, төмен пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға беріледі. Мен өткен жылы мамырда құжаттарымды тапсырғанмын, биыл шілде айында баспанаға қол жеткіздік. Осы орайда несиені рәсімдеу уақытын жеделдетсе деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі, қазір бұл қаржыға үй сатып алу қиын. Себебі, үйдің бағасы қымбаттап кеткен. Бағдарлама қабылданған жылдары үйдің бағасы қаражат көлеміне сәйкес болған шығар, әйтсе де бүгінгі баға мүлде басқаша. Сондықтан қаражат көлемін қайта қараса, дұрыс болар еді.
Жалпы бағдарлама өте тиімді. Мақсаты да айқын. Расында, ауылдың әлеуетін көтеру үшін жастарды көбірек тарту керек. Сонымен қатар, ауылда тұратын жас отбасылардың тұрақтап қалуына қолайлы жағдай жасаған жөн болар еді, – дейді мұғалім.
Жылдан-жылға мемлекет тарапынан мұғалімдер мен дәрігерлерге деген қолдау аясы артып келеді. Жоғарыдағы көрсеткіштерге жүгінсек, аталған саланың жүздеген маманы бағдарлама игілігін көріп отыр. Ал ауыл шаруашылығы саласы мамандарының қатары аз екені байқалады. Дегенмен, бағдарламаны жүзеге асырып отырған басқарма өкілдерінің айтуынша, қажетті мамандар тізімі аудан әкімдіктері жанындағы арнайы комиссияның ұсынысымен нақтыланады екен. Айта кетейік, бүгінге дейін 5 мыңнан астам жас маман бағдарлама арқылы жұмысқа орналасып, тұрғын үймен қамтылған.
Қорыта келе айтпағымыз, «Дипломмен – ауылға!» – ауылдың тұрмыс-тіршілігін нығайтуға арналған дап-дайын бағдарлама. Алдағы уақытта олқы тұстарын қайта қарап, тиімділігін жетілдіре түсу қажет. Себебі, экономикалық тұрғыдан қай уақытта да ауыл – қаланың асыраушысы. Сондықтан мұндағы тіршіліктің арнасына сай болуы тек ауыл ғана емес, қала үшін де маңызды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<