Өңірде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып келеді. Бұл – қолына дипломын алып, ауылдың өркендеуіне үлес қосамын деушілерге арналған жоба. Бағдарлама арқылы осы күнге дейін қаншама маман елді мекендерге жұмысқа тартылып, әлеуметтік көмек, баспанаға қол жеткізді. Кейінгі уақытта «Отбасы банк» бағдарлама операторы болып ресми бекітілді. Осылайша өтінім қабылдау, жастардың жұмыс және баспана мәселесін шешу мейлінше жедел әрі сапалы болып, толықтай цифрлық форматқа көшірілді.
Елімізде 2009 жылдан басталған жоба жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың екі қолға бір күрек табуына септігін тигізуде. Шалғай елді мекендерге тапшы мамандарды тартуды көздейтін бағдарлама нәтижесін берді. Осы ретте қала іргесіндегі Талсуат ауылына барып, байыпты бағдарлама аясында еңбек етіп жүрген жастардың жұмысымен таныстық.
Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Айжан Иман бағдарламаға кез келген жастағы ел азаматы қатыса алатынын айтты.
– Басты талап сұранысқа ие мамандық бойынша дипломы және жұмыс өтілі болу керек. Маманның несие тарихында 90 күннен асқан кешіктірулер болмауы тиіс. Сонымен қатар өзінде, отбасы мүшелерінде соңғы екі жылда аттарында тұрғын үй болмауы шарт. Маман өтінішті жұмысқа орналасқаннан кейін отбасы банк baspana.kz арқылы электронды түрде тапсырады.
Бағдарламаға сай келетін салалар қатарында денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамту, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік қызмет бар. Былтыр қала бойынша 51,6 млн теңге бөлініп, 140 маман бірреттік көтерме жәрдемақы алды. Оның ішінде білім саласынан 85, денсаулық саласынан 32, әлеуметтік қамсыздандырудан 3, мәдениеттен 9, спорттан 3, агроөнеркәсіп кешенінен 1 маман және 7 мемлекеттік қызметкер аталған көмекті иемденді. Ал тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит бойынша 365 млн теңге қаралып, 51 маман баспаналы болды. Биыл бағдарлама бойынша көтерме жәрдемақы 110 маманға берілсе, тұрғын үй алу бойынша 35 маман қамтылмақ. Жас маман бірреттік жәрдемақы алып, баспаналы болғаннан кейін, сол елді мекенде кемі үш жыл еңбек етуі тиіс. Баспана мәселесінің шешілуі жастардың алаңсыз жұмыс істеуіне жол ашады, – дейді ол.
Оқуын бітіріп, «Талсуат» ауылдық округіне жұмысқа орналасқан маманның бірі Айжан Аймағанбетова тиісті көмегін алып, баспанаға қол жеткізді. Жанына жақын жұмысын атқара жүріп, мемлекеттен берілетін көмекті тиімді пайдаланды. Бүгінде ол талай баланың дертіне шипа тауып, кәсіби маман атанған.
– 2011 жылы Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін жалпы медицина, реабилитолог мамандығы бойынша бітірдім. Ауылдық квотамен оқыған соң, талабына сай 5 жыл елді мекенде жұмыс істеу керек. Алдымен «Талсуаттағы» ересектерге арналған оңалту орталығына жұмысқа орналастым. Кейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығына ауыстым. 2018 жылы бағдарлама жайында естіп, қатыстым. Бірреттік көтерме жәрдемақы алдым. Былтыр бюджеттік кредит бойынша тұрғын үй алуға құжат тапсырып, ауылдан жайлы баспаналы болдым, – дейді ол.
Жұмысын тиянақты әрі жауапкершілікпен атқаратын Айжан науқас балаларға қажетті ем-дом тағайындайды. Жұмысы оңай емес екенін алға тартқан ол әрбір баланы өз баласындай қабылдайтынын жеткізді. Жұмыс барысында оның бала жанын ұғына отырып, тіл табысатынын түсіндік.
Ал Жанерке Кәдірбек – «Талсуат» ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқыдым. Оқуды ойдағыдай бітіріп, «Талсуат» ауылдық әкімдігіне жұмысқа орналастым. Қызмет ете жүріп, бағдарлама жайлы естіп, қатысуға ниет еттім. «Отбасы банк» бөлімшесіне барып, өтініш қалдырдым. Алдымен бірреттік көтерме жәрдемақыны алдым. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бұрын тек дәрігер, мұғалім мамандар ғана қатыса алатын еді ғой. Бұл қатарға мемлекеттік қызметкерлердің де қосылғаны қуантады. Енді жайлы баспанаға қол жеткізуге талпынып жүрмін, – дейді ол.
Мамандар да, қатысушылар да көптің көңілінен шыққан бағдарлама ауылдық жердегі еңбек нарығын дамытуға септігін тигізетінін айтады. Биыл да бастамаға қызығушылық танытып отырған жастар жетерлік екен.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





