Кеше доллардың ресми бағамы 480,36 теңге, Ресей рублі 8,69 теңге болды. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы төмендеп, әзірге сатылым тек тереңдей түсуде. Ұлттық валютаның мұндай динамикасы билік органдарына фискалдық мәселелерді реттеуге ыңғайлы болуы мүмкін. Бірақ халықтың төлем қабілеттілігі үшін жағымсыз жаңалық.
Сарапшылардың айтуынша, теңге әлемдік валюта нарығындағы АҚШ долларының қысымында. Оған қоса, мұнай бағасының құлдырауы тоқтағанымен, айтарлықтай қалпына келген жоқ. Бұл ретте Қазақстан үшін тұрақты шикізаттық жағдай өте маңызды екенін айта кеткен жөн. Себебі бюджет кірісінің жартысынан көбі энергия ресурстарын экспорттаудан түседі. Сондай-ақ, Қазақстанда рубль тағы да қымбаттап, қор нарығындағы бағамы 9 теңгеге жақындады. Мұның Қазақстан үшін зияны жоқ емес. Мәселен, рубль қымбаттауы салдарынан инфляция деңгейі өсуі мүмкін.
Дегенмен, Ұлттық банк теңге бағамының әлсіреуі қалыпты жағдай деген пікірде. Шетелдік валюталардың өткен айдан бері бір арзандап, қайта көтерілуіне ішкі және сыртқы факторлар әсер етті дейді мамандар.
Ең алдымен жаһандық нарықта доллар құны бұрынғыдан да түскен. Дивидент төлеу кезеңінде заңды тұлғалар тарапынан валютаға сұраныстың артуы да ішкі нарықта доллар бағасының беки түсуіне себеп болыпты. Теңгені ұзақ мерзімде қалыпты ұстап тұрудың бір ғана амалы бар дейді Ұлттық банк басшылығы. Ол – алтын валюта резервтерін жұмсау. Бірақ бұл қадам кейін ұлттық валюта бағамын девальвациялау қажеттілігіне алып келуі мүмкін.
Ұлттық банк басшылары елдегі банктерде жиналып қалған Ресей рубліне қатысты да пікір білдірді. Енді оның көлемін азайту үшін шекарадан қолма-қол көбірек алып өтуге рұқсат берілмек. Бұл бір реттік шара. Мұндай мүмкіндік азаматтарда 31 тамызға дейін болады.
Негізі шетел валютасын шекара асыруға шектеу бар. Ұлттық банктегілер мұндай бір реттік шаралардың да мәселені шешпейтінін мойындап отыр. Сондықтан, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін, жалпы алыс-беріске кешенді зерттеу жүргізіп, шешімді содан кейін қабылдамақ.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Үкіметтің және Ұлттық банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс деп атап өтті. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
– Жалпы, еліміздің экономикасы сын-қатерлерге төтеп беріп жатыр деуге болады. Қазір халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте бірқатар тәуелсіз сарапшылар импортты алмастыру шаралары сәтсіздікке ұшырап, салдарынан болашақта тағы бір дағдарыс болуы мүмкін деген болжам айтуда.
«ThePulse» порталы Қазақстанның ақша-несие саясатындағы проблемалардың себебімен емес, салдарымен күресуге дағдыланғанын атап көрсетеді. Елдегі кейбір өнімдер бағасының қымбаттауы кәсіпкерлер үшін пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуымен байланысты. Себебі, мұндай жағдайда бизнесті дамыту іс жүзінде мүмкін емес. Мысалы, 15 пайыз деңгейіндегі несиелік жүктемені өтей алуы үшін компанияның табыстылығы қандай болуы керек?
Бір сөзбен, жоғары несиелік жүктеме бизнестің дамуына мүмкіндік бермейді. Салдарынан баға көтеріле береді. Ал, өндіріс керісінше төмендейді. Сондықтан Қазақстанды жаңа дағдарысқа ұшыратпау үшін шұғыл түрде жаңа өндіріске инвестиция салу керек. «Егер ел ішкі жалпы өнімнің 15-17 процентін жаңа өндіріске инвестицияламаса, 5-7 жылдың ішінде дағдарысқа ұшырайтыны бұрыннан белгілі», дейді сарапшылар.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<