Доп додасы қыза түсті

313

0

Сурет ашық дереккөзден

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңі дәл ортасынан ауды. Қазір құрамалар үшінші тур ойындарын бастап кетті.

23 маусымда А тобындағы Швейцария мен Германия арасындағы матч тартысты өтті. «Неміс машинасы» өз жерінде барын салатыны анық.

Десе де бұл ойында Швейцария тегеурінді қарсылық көрсетті. Тіпті алғашқы голды швейцариялық футболшылар соғып кетті. 28-минутта Дан Ндой көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ойынның 92-минутында германиялық Никлас Фюллькруг таразы басын теңестірді. Осылайша құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Осы топтағы тағы бір кездесуде Шотландия мен Венгрия шеберлік байқасты. Жалпы Шотландия құрамасы әлі де плей-офф сатысына шығудан үміт үзе қойған жоқ. Ол үшін осы кездесуде жеңіске жету маңызды еді. Алайда венгриялық Кевин Чобот 99-минутта жеңіс голын соғып кетті.

Алғашқы турда Германия Шотландияны 5:1, Швейцария Венгрияны 3:1 есебімен жеңді. Екінші турда Германия Венгрияны 2:0 есебімен тізе бүктірсе, Шотландия мен Швейцария 1:1 есебімен тең ойнады. Бұл топта Германия бірінші, Швейцария екінші орын алып, плей-офф сатысына шықты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<