Достардың көпке үлгі қарекеті

1612

0

Қала орталығындамыз. Атам заманғы, бәлкім Кеңес үкіметі кезінен қалған болар, ескі ғимарат ішіндеміз. Иесі кім екенін қайдам әрі онда шаруамыз да шамалы. Шаруамыз – осы көне сарайды жалға алып, кәсіп қуған жігіттерде. Бажайлап қарасақ, біз көрген екі достың қолға алған дүниесі бүгінгі тіршілікке керек заттар екен.

Нұржан мен Бауыржан есімді достар құрылыс пен ауыл шаруашылығына қажетті заттар шығаруда. Тікен сым мен дәнекерленген тор. Бірін шаруашылық иелері егістік жерді қоршауға керек етеді. Бірін құрылыстағы кірпіш өру немесе есік алдына тегіс цемент құю кезінде беріктігін ұстау үшін қолданады.

– Көбіне тікен сымды күріш алқабын қоршауға пайдаланады. Сондай-ақ далалық жерге бау-бақша өсіргендерге де керек. Тікен сым малдың егістікті бүлдіруіне жол бермейтіні белгілі. Мұнда бір бумасы 200 метр болады. Көп сұранысқа ие өнімнің бірі осы. Қазір өзіміздің өңірден бөлек, Жетісай, Павлодар, Сарыағаш, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы қалаларынан тапсырыс түсуде. Мысалы, өзіңіз көргендей аппарат 10 минутта 200 метр тікен сымды, яғни бір буманы орап шығады. Асықпай 12 сағат жұмыс істегеннің өзінде 60-70 бума дайындаймыз. Шикізат та жақын жердегі Шымкенттен келеді, – дейді Бауыржан Тәжібаев.

Ал құрылыс нарығында дәнекерленген тордың маңызы ерекше. Үй қабырғаларын өру немесе аулаға бетон құйғанда керек дүниені бұрын өзге қалалардан тасыдық. Базарда тұрған осы тауар көрші Түркістан не Шымкент қалаларынан келеді. Енді облыс орталығынан шығып отыр. Көлемі 165/75 сантиметр болатын тордың көздері де әртүрлі. Тапсырыс берушінің сұранысына орай дайындалады. Цехта бір күнде 500-600 дана тор шығаруға болады.

– «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 6 процент жеңілдетілген несие алдық. Жалпы сомасы 15 млн теңге. Осы қаржыға көрші Қытай елінен екі арнайы аппарат алдыртқанбыз. Былтыр жыл соңында басталған жұмыстың қарқыны жаман емес. Сондай-ақ сырттан әкелінген дәл осындай өнімге қарағанда келушілер біздегіні арзанға ала алады. Өйткені, базардағы сатушылар келу, тасымал бағасын қосып есептеп, қымбатқа сатады, – дейді Нұржан Омаров.

Жергілікті жерден шығатын өнімді көбейтуді мақсат еткендер «Қызылордадан да қажетіңді дайындауға болады» дейді. Әрі соған тырысып әлек. «Е-Темір» атты жеке кәсіпкерлігін құрған қос жігіттің ендігі арманы – цех жұмысын ұлғайту. Алдағы уақытта 3-4 дана станок-аппарат қосып, өзге де құрылысқа қажетті материалдар дайындамақшы.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»