Байқоңырлықтар халықтар достығын дәріптеген дүбірлі фестиваль өткізді. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысып, елдің тыныштығы мен татулығы баға жетпес байлық екенін айтты. Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы биік болатынын жеткізді.
Достық мерекесінің концерттік бағдарламасына 6 облыстық этномәдени бірлестік атсалысты. Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір ұлыс өкілдері достық әуендерден топтама орындап, би билеп, мереке көркін қыздырды. Әрі қарай жиналған қауымның назарына ұлттық құндылықтардан сыр шертетін көріністер ұсынылып, көптен ұмыт қалған дәстүрлер жаңғырды. Қорытындысында қатысушыларға арнайы номинациялар табысталды. «Ұлттық колорит» аталымын облыстық татар этномәдени бірлестігі жеңіп алса, «Жүректен жүрекке» номинациясы облыстық өзбек этномәдени бірлестігіне бұйырды. «Ұлттық креатив» номинациясымен облыстық шешен этномәдени бірлестігі марапатталса, облыстық корей этномәдени бірлестігі «Ұлттық бейнені ұсынғаны үшін» аталымын қанжығаға байлады. Шара соңында келген қонақтар да ризашылығын білдіріп, мәре-сәре күйде тарқасты.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<