Айда дақыл өсіреді
«Lunaria One» зерттеу ұйымының ғалымдары жеке ғарыштық миссияның бір бөлігі ретінде осындай жоба әзірлеген. Биолог Бретт Уильямстың айтуынша, тұқымдар Жердің спутнигіне «Beresheet-2» ғарыш кемесі арқылы жеткізіледі. Айда дақылдар суару жүйесімен жабдықталған герметикалық камераларға орналастырылады. Бұл ғалымдарға олардың өсуін бақылауға мүмкіндік береді.
Сироптың қатысы бар ма?
Үндістан билігі БҰҰ Денсаулық сақтау агенттігінің мәлімдемесінен кейін Гамбиядағы балалардың өліміне қатысы бар жөтел сироптарының үлгілерін сынақтан өткізуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, зертханалық талдау Үндістанның «Maiden Pharmaceuticals» фармацевтикалық компаниясы шығарған төрт өнімде кейбір заттардың шектен тыс мөлшерін анықтаған.
Бағаны көтергендер істі болды
Бұған дейін Беларусь президенті 6 қазаннан бастап елде бағаны көтеруге тыйым салған. Осыған байланысты елде азық-түліктің қымбаттау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғала бастады. Айталық, Лида қаласында дүкендердің бірінде шұжық бағасы көтерілген. Осыған ұқсас себеппен Могилев облысында тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Пойыздар тоқтады
Қозғалыстың тоқтауына теміржолшылардың жаппай ереуілі себеп болған. Теміржолшылар жалақыны көтеру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, соңғы бір жарым айда үшінші рет ереуілге шығып отыр. Жағдайға қатысты Ұлыбритания премьер-министрі Лиз Трасс «содырлар кәсіподақтарына» қарсы шара қолдану ниеті бар екенін мәлімдеп, ереуілге шыққандарды «экономиканың өсуіне кедергі келтіретін коалиция» деп атады.
Кокаинді заңдастыруды ұсынды
Амстердам мэрі Фемке Халсема есірткіге қарсы «соғыстың» нәтиже бермегенін айтты. Оның пікірінше, есірткі нарығын, оның ішінде кокаинді заңдастыру және реттеу – күрестің бірден-бір тиімді әдісі. Нидерландының Әділет министрі Дилан Ешилгоз оның бастамасын қабылдамады.
Дайындаған Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<