Фото: ашық дереккөз
Қалың қар адам өліміне әкелді
Жапонияда күн күрт суып, қалың қар адам өліміне әкелді. Бұл туралы Жапон үкіметінің бас хатшысы Хироказу Мацуно хабарлады.
Апта басында елде күн суытты. Кей жерде ауа температурасы минус 26,9 градусқа дейін төмендеп, бірқатар өңірлерде 88 сантиметрге дейін қар жауды. Салдарынан жер-жерде электр қуаты өшіп, пойыздар қозғалысы бұзылды, 400-дей әуе рейсі тоқтатылды.
Google-ды сотқа берді
АҚШ-тың Әділет министрлігі мен сегіз штат Google компаниясын интернет-жарнама нарығындағы бәсекелестікке нұқсан келтірді деп айыптап, сотқа берді.
АҚШ үкіметі Google бәсекелестікті тежеу арқылы үстемдігін заңсыз сақтап қалды, жарнама берушілерді өз өнімдерін пайдалануға мәжбүрледі деп мәлімдеді.
Бас прокурор Меррик Гарланд 15 жыл бойы Google-дың бәсекелестікке қарсы әрекеті веб-сайттар үшін жарнамалық табыстың төмендеуіне, маркетологтардың жарнамалық шығындарының жоғарылауына әкелгенін айтты. Кейінгі төрт жылда онлайн жарнамаға 100 млн доллар жұмсаған АҚШ үкіметі де зардап шеккен.
«Қиямет сағаты» 10 секундқа жылжыды
Символдық «Қиямет сағатының» тілі «ядролық ақырзаманға» 10 секундқа жақындады.
«Атом ғалымдарының хабаршысы» президенті Рэйчел Бронсонның айтуынша, бұл ядролық апокалипсис нүктесіне 90 секунд қалғанын білдіреді. Сағат тілін жылжыту туралы шешім Украинадағы жағдайға байланысты қабылданған.
Ресей әскері Украина аумағына кіргеннен кейін ядролық, биологиялық және химиялық қаруды қолдану қаупі күшейген. Кейінгі үш жылда «Қиямет сағаты» ақырзаманға 100 секунд белгісінде тұрған. 90 секунд – 1947 жылдан бері жоба тарихындағы адамзатқа қауіптіліктің ең жоғары деңгейі.
Екі жылда бесінші рет сайлау өтеді
Болгарияда екі жыл ішінде бесінші рет парламенттік сайлау өтеді. Болгар Социалистік партиясы (БСП) үкімет құра алмағанын жариялаған болатын.
Партия жетекшісі Корнелия Нинова БСП мен басқа партиялардың «жұмыс істейтін үкіметті құруға ерік-жігері жетпейтінін» мәлімдеді.
Бұған дейін елде Демократиялық күштер одағы коалициясы мен әлеуметтік-либералдық партия министрлер кабинетін құру мандатын алған болатын. Бірақ олардың әрекеті де сәтсіз аяқталды. Енді ел президенті Румен Радев парламентті таратып, уақытша үкімет пен сәуірде өтетін келесі сайлау күнін тағайындайды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<