Фото: ашық дереккөз
«Суперсиырлар» клоны
Қытайдың Ниншя-Хуэй автономиялық ауданында үш клондалған бұзау пайда болды.
Клондарға голштейн-фриз сиырларының құлақ ұлпасы пайдаланылған. The Global Times хабарлағандай, ғалымдар 120 клондалған эмбриондар партиясын жасап, жартысына жуығымен суррогат сиырларды сәтті ұрықтандырған.
Екі-үш жылда ғалымдар Қытайдың ішкі нарығын жеткілікті сүтпен қамтамасыз ету үшін осындай мыңдаған сиыр жасамақ. «Суперсиырлар» жылына 18000 литр, өмір бойы шамамен жүз мың литр сүт береді.
Елшілігі қайта ашылды
АҚШ Соломон аралдарында жаңа елшілігін ашты. Осылайша, Вашингтон Қытайдың Тынық мұхитындағы ықпалын тежеуге тырысуда. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді.
Соломон аралдары өткен жылы Бейжіңмен қауіпсіздік туралы келісімге қол қойған болатын. Ал бұрын АҚШ-тың аралдардағы елшілігі 1988-1993 жылдары 5 жыл жұмыс істеді. Вашингтон қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейін жаһандық дипломатиялық операцияларын қысқартып, елшілік 1990 жылдардың басында жабылған.
Жарты миллион тұрғын ереуілге шықты
Лондонда жарты миллионнан астам тұрғын кейінгі 10 жылдағы ең үлкен ереуілге шықты.
Халық жалақы мен еңбек жағдайына наразы. Қатысушылар арасында мемлекеттік қызметкерлер, пойыз машинистері, автобус жүргізушілері, күзетшілер, мектеп мұғалімдері, университет оқытушылары, кітапханашылар бар.
Сондай-ақ, жүз мыңға жуық мемлекеттік және коммерциялық қызмет кәсіподағының мүшелері ереуілге шыққаны атап өтілді. Шеру Лондондағы ірі көлік компанияларының көпшілігінің жұмысын толық тоқтатты.
Жаңа банкнотты айналымға енгізеді
Аргентина инфляцияға байланысты 2000 песолық жаңа банкнотты айналымға енгізеді.
Елдің Орталық банкі хабарлағандай, банкнот дизайны ғылым мен медицинаға арналады. Қазір Аргентинада 1000, 500, 200, 100, 50, 20 және 10 песолық банкноттар қолданылады. Өткен жылдың соңында елдегі инфляция 94,8%-ға көтерілді. Бұл 1991 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болды. Желтоқсан айында Аргентинада тұтыну бағасының индексі 5,1%-ға өсті.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<