Полиция психикалық науқастар шақыруына бармайды
Лондон полициясы биыл күзден бастап психикалық науқастар мен психикалық ауытқулары бар адамдардың шақыруына баруды тоқтатады. Бұл туралы Лондон полиция департаментінің басшысы Марк Роули хабарлаған.
«The Guardian» мәліметінше, психикалық ауытқулары бар адамдарға полиция қызметкерлерін жіберу құқық қорғаушылардың негізгі міндеттерін орындауға кедергі келтіреді. Сондықтан, 31 тамыздан кейін мұндай шақыруларға денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ғана барады. Айта кетсек, Лондонның денсаулық сақтау қызметтері де персонал тапшылығы мен кептелістерден көп зардап шегеді.
15 миллион вакцина жойылады
Италияда коронавирусқа қарсы вакцинаның 15 миллион дозасы жойылады. Себебі дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі жылдың соңында аяқталады. Оған қоса, вакциналар ескірген болып саналады.
Фармацевтикалық компаниялар күзге дейін вакциналардың жаңа түрін шығаруды жоспарлап отыр. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі вакцинация стратегиясы департаментінің басшысы Марко Кавалеридің айтуынша, агенттік омикрон штаммының жаңа түрлеріне қарсы препараттар әзірлеуді сұрады. Оған себеп – кейінгі айларда Қытайда жедел тарап жатқан штаммдарға ескі вакциналар қарсы тұра алмайды.
Смартфон үшін екі миллион литр су төктірген
Үндістанның орталық бөлігіндегі Чхаттисгарх штатындағы Раджеш Вишвас есімді шенеунік селфиге түсіп жатқанда суға батып кеткен смартфоны үшін Херкатт бөгетіндегі суды құрғатуға бұйрық берген.
Жергілікті сүңгуірлер телефонды таба алмаған соң, шенеунік дизельдік сорғыны жеткізу ақысын өзі төлеген. Суды сорғызуға үш күн кеткен.
BBC хабарлауынша, бөгеттен шамамен екі миллион литр су шығарылған. Бұл алты шаршы шақырым ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға жеткілікті. Әрекеті саясаткерлердің сынына ұшырап, Вишвас қызметінен уақытша шеттетілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<