Дүние дүрмек

451

0

ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ӘЛЕМ ЭКОНОМИКАСЫНА СОҚҚЫСЫ

Таяу Шығыстағы қақтығыстың әлем экономикасына соққысы оңай болмайтын тәрізді. Шиеленіс әрі қарай жалғаса берсе, мұнай бағасы 75 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамы туралы 24.kz хабарлады.

– Егер мұнай қымбаттаса, онда азық-түлік бағасы да өседі. Мұнай нарығында баға дағдарысының туындауы көптеген дамушы мемлекетте инфляцияның өсуін жеделдетеді. 2022 жылдың аяғында 700 миллионнан астам адам, яғни, Жер халқының 1/10 бөлігі, тамақ тапшылығынан зардап шекті. Таяу Шығыстағы қақтығыс тек осы аймақта ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлік тапшылығын тудыруы мүмкін, – дейді Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары Айхан Косе.

Бұл ретте банк сарапшылары 3 мысалды ұсынады. Бірінші, 2011 жылғы Ливиядағы азаматтық соғыс кезінде «қара алтынның» құны баррель үшін жүз доллардан асқан. Екінші, 2003 жылғы Ирактағы соғыс. Мұнайдың бір баррелі 121 доллардан саудаланды. Ал үшінші мысал – 1973 жылғы Таяу Шығыстағы қақтығыс. «Шиеленіс дәл осы 3-сценариймен өрбісе, мұнай құны 75%-ға дейін қымбаттап, баррелі 157 доллар тұруы мүмкін» дейді сарапшылар.

ЗАҢНАМА ҚАТАЙТЫЛАДЫ

Оңтүстік Корея әлеуметтік желілер жұмысын реттейтін заңнаманы қатаңдатқалы отыр. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Жалпы Оңтүстік Кореяда әлеуметтік желілерге бақылауды күшейту мәселесі бұған дейін де көтерілген. Елде жасөспірімдер арасында суицид көбейген. Балалар уақытын ұялы телефон мен планшетке үңілумен өткізеді. Көпшілігінде көру қабілеті нашарлаған.

Заңнаманы қатайтуға тағы бір себеп жақында Сеулдің Каннам ауданында студент тура тікелей эфир кезінде көпқабатты үйдің төбесінен секіріп кеткен. Осы оқиғадан кейін тағы 3 жасөспірім биіктен құлап қайтыс болды. Психологтар бұл құбылысты «Вертер» эффектісі дейді.

Оңтүстік Кореяда әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы хабар тарату заңмен реттелмейді. Бірақ өлімге итермелейтін ақпарат таратқандар 2 жылға сотталуы немесе 15 мың доллар айыппұл төлеуі мүмкін. Оңтүстік Корея Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдер арасында суицид саны бойынша алдыңғы орында. Кейінгі 20 жылда жасөспірімдер арасында өзіне қол салғандар 5 есе өскен. 

TIKTOK-қа ТЫЙЫМ САЛЫНА МА?

Испания парламенті TikTok әлеуметтік желісін шектеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе оқушылар мен мемлекеттік қызметкерлерге оны жүктеуге тыйым салынбақ. Ел парламенті «Бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет» дейді. TikTok – кейінгі жылдары жастар арасында кеңінен танымал болған платформалардың бірі. 150 елде, 75 тілде қызмет көрсететін қосымшаны 2020 жылдың өзінде бір миллиардтан астам қолданушы жүктеген. Кейінгі жылдары Еуропадағы Белгия, Дания, Франция, Германия және Чехия мемлекеттік қызметкерлер, парламент қызметкерлері мен әскерилерге TikTok-ты жүктеуге ресми түрде тыйым сала бастады. Жаңа жылдан кейін бұл елдердің қатарына Испания қосылуы мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<