Дүние дүрмек

502

0

БҰҰ-ның арнайы ресми жиыны

Отбасындағы жанжал, қыз-келіншектердің зәбір көру мәселесі қоғамда өткір тұр. Мұндай жағдай біздің елде ғана емес, жалпы әлемде проблемаға айналған.

Дүние жүзінде шамамен 736 миллион қыз-келіншек, яғни әрбір үшінші әйел өмірінде кемі бір рет физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. 25 қараша – әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою халықаралық күніне орай Біріккен Ұлттар Ұйымы арнайы ресми жиын өткізді. 24 жылдық тарихы бар атаулы күн биыл «Бірыңғай – 2030» науқаны аясында әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған 16 күндік шаралармен басталды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының саралауы бойынша сағат сайын кемінде 5 қыз-келіншек өз отбасы мүшесінің қолынан қаза табады. Ресми басқосу барысында Бас хатшының орынбасары Амина Мұхаммед ушығып тұрған мәселеге уақыт оздырмай мән беріп, әйелдер ұйымдарына көбірек инвестиция салу, заңнаманы жетілдіру, кінәлілерді жауапқа тарту, зардап шеккендерге көмек көрсету бағытында құқық қорғау органдары қызметкерлерін оқыту қажет екенін айрықша атап өтті.

Қарашада жүзім жапырақ жайды

Испанияда қараша айында күн қатты жылып, жүзім қайта жапырақ жайды. Биыл бұл елде аптап ыстық белең алып, жүз жыл болмаған қуаңшылық орын алды. Осының салдарынан жиырмадан астам елді мекенде суды пайдалануға шектеу енгізілді.

Жүзім шаруашылығымен айналысатындар бұрын бұл айда жүзімнің сарғайған жапырағын кесетін еді. Енді не болары белгісіз.  Испаниядағы ірі шарап өндіруші компаниялар тығырыққа тіреліп, өндіріс көлемін азайтты. Өйткені кейінгі үш жылда Испания бойынша 5 миллион гектардан астам жердегі егін қуаңшылықтан толық жойылып кеткен. Ал тоғандардағы су деңгейі тым төмен. 

Жергілікті мэрия ысырапшылдыққа жол бермеу үшін тұрмыстық және коммерциялық мақсатта тіршілік нәрін тұтынуды қатаң бақылауда. Бүгінде бір тұрғын 317 литр су тұтынады. Жаңа ережеге сәйкес бұл көрсеткіш 210  литрге дейін төмендейді.

Tesla-ның жаңа өнімі

Германияда бағасы шамамен 25 мың еуро тұратын Tesla-ның жаңа өнімі Model 2 электрмобилі пайда болуы мүмкін. Tesla бастапқы деңгейдегі батареямен жүретін үлгіні Берлинге жақын Грюнхайде қаласындағы зауытта шығаруды жоспарлап отыр.

Қазір мұнда Еуропадағы ең көп сатылатын электромобиль Model V моделі шығарылып жатыр, бірақ компания Model 2 деп аталатын жаңа көлік одан да танымал болады деп уәде беріп отыр. Көлік туралы техникалық ақпарат аз. Шығындарды айтарлықтай төмендететін бірегей өндірістік технологияларды пайдалана отырып, жаңа платформада жасалып жатқаны ғана белгілі.

Carscoops-тағы мәліметке сүйенсек, болашақ электрмобильдің сатылым бағасы 25 мың еуродан басталатыны хабарланған. Жаңа көліктің сыртқы түрі де ерекше.

Мұздықтардың жартысынан көбі жойылған

Перуде жарты ғасыр ішінде мұздықтардың жартысынан көбі жойылды. Жарияланған есеп бойынша, кейінгі алпыс жылда  Перу тропикалық мұздықтарының 56%-ын жоғалтқан, оған климаттың өзгеруі себеп болды.

Есепте 2020 жылға дейін спутниктен түсірілген суреттер пайдаланылған. 1962 жылы мұз бен қар 2 399 шаршы шақырым жерді алып жатқан болса, кейінгі суреттерде ауқымы 1050 шаршы шақырымға кішірейген. Ауа температурасының жоғарылауы мұздықтардың еруіне және жаңа шағын тау мүйістерінің пайда болуына әкеп соқты.

Жаңа мүйістер болашақта су резервуарына айналуы мүмкін, бірақ биікте орналасқандықтан, қауіп төндіреді. Себебі олар толып, тасуы ықтимал. Есеп бойынша, Перудің 20 миллионға жуық тұрғыны мұздықтардан ағатын судың тікелей немесе жанама түрде пайдасын көріп жатыр. «Бұл – су қорының жартысынан көбін жоғалтқанымызды білдіреді» деді Қоршаған орта министрі Альбина Руис.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<