Дәстүрлі гүлдер фестивалі
Өзбекстанның Наманған қаласында 60 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі гүлдер фестивалі өтті.
Гүлдер фестивалінің дәстүрге айналғаны соншалық, ол жалпыхалықтық мереке ретінде тойланады. Биыл да елдің түкпір-түкпірінен жиналған жұрт қарасы қалың болды. Гүлзар бақтағы әр мемлекетке арналған композиция ерекше орындалған. Оның ішінде Қазақстанға бөлінген аумақ та бар. Айналасы жасыл желекке оранған Бәйтерек монументінің макеті алыстан менмұндалайды.
Бағбандар биылғы фестиваль үшін арнайы 30 млн түп көшет еккен. Одан бөлек, жасыл бақта 60 жылдан астам уақыт бойы жайқалып өсіп тұрған өсімдік түрлері көп. Тағы бір ерекшелік – дәстүрлі іс-шараны өткізуге жергілікті қатал климат еш әсер етпейді. Қала қоныс тепкен жердің топырағы сор болғанымен, орталығы гүлзар бағымен әйгілі.
Дағдарысқа дайындық
Ұлыбритания үкіметі азаматтарды дағдарыс пен төтенше жағдайларға дайындалуға шақырды.
Түрлі қауіп-қатерге төзімді ету мақсатында су тасқынына, электр қуатының үзілуіне, ірі апаттарға және басқа да дағдарыстарға қалай дайындалу керектігін түсіндіретін веб-сайт іске қосылды.
Веб-сайт үй шаруашылықтарына бөтелкедегі суды жинақтауға кеңес берді, бұл бір адамды күніне кемінде үш литр сумен қамтамасыз етеді, бірақ тамақ дайындау мен гигиенаны қамтитын жайлылық деңгейі үшін 10 литр болуы ұсынылды.
Ұсынылатын заттарға сондай-ақ шам, ет консервілері және сақталу мерзімі ұзақ басқа да тағамдар, бәкі, радиоқабылдағыш, дымқыл майлықтар және алғашқы дәрі қобдишасы кіреді.
Әлемдегі алғашқы электр жетекті робот
Қытайлар «Тяньгун» гуманоид роботын жасап шығарды. Салмағы 43 келі тартатын адам тектес темір құрылғы сағатына 6 шақырымға дейін жүріп, қажет болса жүгіре алады.
Секундына 550 триллион операция жасай алатын бірнеше визуалды қабылдау датчиктеріне ие. Тегістелмеген жолдарға бейімделген, баспалдақ, ойыс жерлерден де сүрінбей өтеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл – әлемдегі алғашқы электр жетекті робот.
Әртүрлі функциясы бар жаңа робот үш айда жасалады. Болашақта бұл процедуралық мерзім 2 айға қысқармақ. Бұл робот болашақта ғарышкерлердің орнын басуы бек мүмкін. «Қытайлық Тарс» деп аталатын инновацияны Чжэцзян университетінің ғалымдары ұсынған. «Олар келешекте астронавтардың жұмысын жеңілдетіп, уақыт тиімділігін арттырады» дейді өнертапқыштар.
Орташа өмір сүру ұзақтығы қысқарған
Коронавирус салдарынан әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жыл төрт айға дейін қысқарды, яғни көрсеткіш 2 жылға азайды.
Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Covid-19 пандемиясы Солтүстік және Оңтүстік Американың, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азияның аймақтарына қатты әсер етті. Жаһанды жайлаған коронавирус 2020-2021 жылдардағы әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себебі болды. Осы кезеңде дерттен 13 миллионға жуық адам көз жұмды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<