Дүние дүрмек

35

0

Жыл сайын 10 млн гектар

Әлемде жыл сайын 10 миллион гектар орман алқабы жойылады. Көбіне олар ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін оталады. Бұл – әсіресе Оңтүстік Америка мен Африка елдерінде жиі болатын жағдай.

Былтырдың өзінде қос құрлықта Швейцария аумағына пара-пар тропикалық орман жойылып кеткен. Мамандар: «бұлай жалғаса берсе, жер шарындағы ну алқаптардың көбі шабылып, жоғалып кетуі мүмкін» дейді.

Әсіресе мамандарды Индонезия, Бразилия мен Боливиядағы ахуал алаңдатып отыр. Себебі климаттың өзгеруінен соңғы екі ел аумағындағы нулы Амазония аймағының жартысының жойылып кету қаупі бар. Сарапшылар: «қуаңшылық салдарынан жер бетіндегі ең ірі тропикалық орман 2050 жылға таман саваннаға айналуы ғажап емес» дейді.

Ең үздік 100 кітап

АҚШ-та ең үздік 100 кітаптың тізімі жасалды.

TheNewYorkTimes газетінің нұсқасы бойынша аталған рейтингте италия жазушысы Элена Феррантенің «Менің данышпан досым» атты романы көш бастап тұр. Екінші орынға Изабель Уилкерсонның «Өзге күндердің жылуы» туындысы жайғасса, үздік үштікті Хилари Мантелдің «Вольф холл» тарихи шығармасы түйіндейді.

Аталған тізімді жасау кезінде Стивен Кинг, Джон Ирвинг секілді 500-ден аса танымал жазушы мен әдебиет сыншысынан пікір алынған.

Адамға ұқсас робот

Жапонияда ғалымдар тірі терінің тінін пайдалана отырып, түрі адамға ұқсас робот жасап шығарды.

Мамандар бетін адам сияқты қозғалтып, қимылдай алатын құлтемірді косметика өндірісі мен медицина саласында қолдануды көздеп отыр. Токио университетінің ғалымдары тың технологияны жасауға кіріспес бұрын адамның бет терісінің жасушасын өсіріп алған. Ол жасанды машинаның көмегімен арнайы биологиялық зертханада өндірілген. «Адамның бетіне ұқсас мұндай технологияны бұған дейін ешкім құрастырмаған» дейді жоба авторлары.

Тірі тіннің металл мен пластиктен артықшылығы жер мен көктей. Құлтемірдің бұлшық еттері энергия алмасу қабілетіне ие. Сондай-ақ өзін-өзі сауықтыра алады. Енді ғалымдар оған жүйке жүйесі мен қан айналымы қозғалысын енгізіп, косметика және дәрі өндірісінде кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<