Дүние дүрмек

43

0

Үйсіздерге үлестіріледі

Париж Олимпиадасында спортшыларға берілген төсек-орын байрақты бәсеке аяқталғаннан кейін үйсіздерге үлестіріледі. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитетінің тұрақты даму жөніндегі директоры Мари Барсак мәлімдеді. Өз кезегінде Париж билігі Олимпиада қарсаңында үй-күйі жоқтарды Парижден тыс жерге шығару шарасын күшейтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 12,5 мың адам қаладан әкетілген.

Вирустан 16 адам көз жұмды

Үндістанда сирек кездесетін вирустың таралуынан 16 адам көз жұмды. Тағы 50 азамат ауруханада жатыр. Бұл туралы Эн-Ди-Ти-Ви ((NDTV)) телеарнасы Гуджарат штатының денсаулық сақтау министріне сілтеме жасап хабарлады.

Қауіпті инфекция Чандипура деп аталады. Ол алғаш рет 1965 жылы тіркелген. Вирус маса арқылы таралады. Алғашқы белгілері науқастың басы ауырып, дене қызуы көтеріле бастайды. Әзірге бұл инфекцияға қарсы дәрі жоқ. 

Адам өмірін ұзарта ала ма?

Лондон ғалымдары өмір сүруді ұзартатын дәрілік препарат ойлап тапқан көрінеді. Сынау мақсатында олар инновациялық өнімді тышқанға қолданып, тәжірибе жүргізген. Кейін кеміргіштердің жағдайы жақсарып, қатерлі ісікке шалдығу қаупі азайғаны анықталды. Қартаюды реттейтін ақуыз бөлінісі тежеліп, өмір сүру ұзақтығы шамамен 20-25%-ға артқан. Ғалымдар: «бұл препараттың адам ағзасына еш зияны жоқ» дейді. Сынақ жұмыстары жақсы нәтиже берсе, тұрғындар арасында қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Байлар көбейді

Әлемде дәулеті 30 миллион доллардан асатын бай адамдардың үлесі 8%-ға артты. Қазір олардың саны 426 мыңнан асады. Барлығының байлығы 49 триллион долларға бағаланып отыр. Ауқатты адамдардың үштен бірі АҚШ-та тұрады. Бай адамдар ең көп қоныстанған шаһарлардың бестігіне Нью-Йорк, Гонконг, Лос-Анджелес пен Токио кіреді. Сарапшылардың пікірінде алдағы 5 жыл ішінде аса ауқатты адамдар саны тағы 38%-ға артуы мүмкін.

Деректер 24.kz сайтынан алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<