Дүние дүрмек

264

0

Теңіздегі кептеліс

Қытай жағалауларында балықшылардың жаппай теңізге шығуынан бұрын-соңды болмаған кеме кептелісі қалыптасты. Салдарынан халықаралық сауда жолдарында қауіп артты. Бірнеше күннен бері кемелердің соқтығысу оқиғалары жиіледі. Ал елдің теңіз күштері судағы бақылауды күшейтуге мәжбүр.

 Бұл елде 1 мамырдан бастап балық аулауға салынған тыйым күшін жойды. 3,5 ай бойы табыссыз отырған жұмысшылар шешім шыға сала лап қойды. Бір мезетте 55 мың кеме ашық теңізге аттанды. Негізі бас-аяғы 120 мың кеме ау салады екен.

Қазір судағы бақылау күшейтілген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдеу кемелері, теңіз тікұшақтары әуеге көтерілді. Кейбір аймақтарда дрондар пайдаланылып жатыр.

Қайшының жоғалуы рейстерді тоқтатты

Жапонияның Хоккайдо аралында 36 әуе рейсі тоқтатылды, 201-і кейінге шегерілді. Оған ұшаққа отырғызу алаңы маңында орналасқан дүкеннен қайшының жоғалып кетуі себеп болды. Осыған байланысты әуежай мамандары жолаушылардың барлығын тексеру аймағына қайта жіберді. Соған қарамастан, әлгі қайшы әуе рейстері жанданғаннан кейін бір-ақ табылды. Ол дүкен ішінде жоғалған болып шықты.

Алтын қымбаттады

Әлемде алтын қымбаттап, бір унцияның бағасы 2,5 мың доллардан асты.

Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Мамандардың айтуынша, бағалы металл құнының күрт көтерілуіне АҚШ валютасының әлсіреуі себеп. Ал доллардың құнсыздануына Американың жылжымайтын мүлік нарығына қатысты статистикалық деректер мен Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Құрама Штаттардағы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі әсер еткен.

Смартфонға тыйым

Әлемнің бірқатар елі жаңа оқу жылында ұялы телефонсыз білім беру жүйесіне жаппай көшпек. ЮНЕСКО былтыр білім мекемелерінде ұялы телефон қолдануға тыйым салу бастамасын көтерген.

Өйткені смартфонға назары ауған баланың сабаққа зауқы болмай, оқу үлгерімі төмендейді. Ұйымның үндеуінен соң бірнеше ел заң жүзінде шаралар қабылдады. Мәселен, АҚШ-тың 10 штатында мектепте ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Ұлыбритания мектептерінде де оқушыға телефон ұстатпайды. Франция бұл ережені 2018 жылы енгізді. Дәл сол жылы Қытайдың Шандунь провинциясы да сабақ барысында телефоннан бас тартқан. Италияда мұғалімдер таңертең оқушылардың смартфондарын жинап алып, дәріс аяқталғанда қайтарады. Биыл бұл үрдісті құптағандардың қатарына Нидерланд қосылды.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<