Дүние дүрмек

272

0

Келесі жылы оралады

Халықаралық ғарыш станциясында тұрып қалған NASA ғарышкерлері келесі жылы Жерге оралатын болды.

Бұл туралы АҚШ аэроғарыш агенттігі хабарлады. Жоспар бойынша ғарыш кемесі Жерге 1 аптадан кейін қонуы керек еді. Құрылғы қозғалтқыштарының істен шығуына байланысты кері қайту алдағы жылдың ақпанына жоспарланды.

Айта кетейік, маусымда 2 адамнан тұратын команда 8 күндік миссияға аттанған еді. Содан бері ғарышкерлерді Жерге қайтару бірнеше рет кейінге шегерілді.

Баланы жазалауға бола ма?

ЮНИСЕФ Балалар қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, дүниежүзінде ересектер тарапынан қатыгездік, зорлық-зомбылық көріп жүрген бүлдіршіндердің саны миллионнан асады. Баланы ұрып-соғуға, халықаралық деңгейде тыйым салынған.

Алайда, бұған бағынбайтын елдер көп. АҚШ-та баланы ұрып-соғу – жазалаудың кең тараған түрі. Балаларды жазалауға тыйым салу туралы федералды заң жоқ, дегенмен, 31 штатта тыйым салу актілері бар, ал 17 штатта балаларды жазалау қалыпты жайт. Сингапурде тәртіпке бағынбаған оқушыны Үкімет тарапынан жазалау бар. Мұғалімі емес, оқу орнының басшысы ресми түрде оқушыны теріс қылығы үшін бөксеге дейін қамшымен 6 рет ұрады. Бұлай жазалау Үндістанда да бар.

Ал Оңтүстік Кореяда оқушыларды таяқпен тәрбиелеуге рұқсат беріп қана қоймай, оны қалай және қаншалықты жақсы ұру керектігін үйретеді. Малайзияда көбіне ұл балалар тәртіп бұзғаны үшін таяқ жейді. Сондай-ақ Египет, Сирия сияқты Таяу Шығыс елдерінде де бұл жағдай қалыпты.

Салқындатқыш мата

Массачусетс университетінің ғалымдары салқындатқыш мата жасап шығарды.

Келешекте одан киімдер тігіп, адам ыстықтан қорғана алатынын айтады. Мамандар әктастың суыту қасиеттерін ескере отырып, матаны жасауда кальций карбонаты негізіндегі қаптаманы қолданған. Ол күнге жақсы шағылысады. Мұндай матаны өндіру де оңай. Өзгелермен салыстырғанда технология көп ақшаны қажет етпейді. Оның үстіне киімді тіпті машинада жуғаннан кейін қасиеттерін жоғалтпайды екен.

Ғалымдар климаттың өзгеруінің салдары жылдан жылға айқын сезіле бастаған кезде мұндай инновацияның пайдасы зор болатынын айтады.

Ой күшімен басқарады

Сал ауруына шалдыққан адам миына чип енгізілгеннен кейін ойының күшімен бейнеойындар ойнауды үйренген.

Бірнеше апта бұрын Алекс есімді науқастың миына операция жасалып, Neuralink компаниясының чипі орнатылған. Кезінде науқастың жұлынына зақым келіп, денесі қозғалмай қалған. Енді Алекс бейнеойындар ойнап қана қоймай, тіпті 3D-нысандарды жасауға арналған бағдарламалармен жұмыс істейді. Өткен қыста Neuralink компаниясы тағы бір науқастың миына чип орнатып, нәтижесінде ол ойының күшімен цифрлық құрылғыларды басқарып, тіпті ноутбукте шахмат ойнауды меңгерген.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<