Дүние-дүрмек

8

0

Төлқұжаттар рейтингі

Британиялық Henley & Partners консалтингтік компаниясы 2026 жылға арналған әлемдегі ең ықпалды төлқұжаттар рейтингін жариялады.

Компанияның мәліметі бойынша, 2026 жылы ең тиімді төлқұжаттар Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея азаматтарына тиесілі. Мысалы, Сингапур азаматтары 227 ел мен аумақтың 192-сіне визасыз кіре алады. Жапония мен Оңтүстік Корея азаматтары 188 елге визасыз бару мүмкіндігіне ие.

Үшінші орынға бес еуропалық ел – Да­ния, Люксембург, Испания, Швеция және Швей­цария бір­дей деңгейде ие болды. Бұл елдердің азаматтары 186 мемлекет пен аумаққа визасыз бара алады.

Қазақстанның төлқұжаты да халықаралық рей­тингіде позициясын жақсартты. Биыл төрт сатыға көтеріліп, 61-орынға тұрақтады. Қазақстан азаматтары 78 елге визасыз бара алады. Біріккен Араб Әмірліктері 2006 жылдан бері 57 сатыға көтеріліп, 149 мемлекетпен визасыз қатынас орнатты. 2025 жылы ең көп орын жоғалтқан ел – Ұлыбритания. Бір жыл ішінде 8 мем­лекетпен визасыз қатынастан айырылды.

Ақылды таразы 60-тан астам ауруды ерте анықтайды

Биыл ауруды ерте анықтайтын ақылды таразылар сатылымға шығады.

Құны 600 долларлық таразылар 60-тан астам созылмалы ауруды ерте анықтауға қабілетті. Жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Жыл басында АҚШ-та өткен CES көрмесінде таныстырылған құрылғы шамамен 90 секунд ішінде кешенді бағалау жүргізе алады.

Таразыда жүрек жұмысының тиімділігін, электр­кардиограмма жазбасын, артериялардың қаттылығын анықтау үшін 6 арналы жүйе сияқты технологиялар пайдаланылады. Гипертония қаупін бағалау үшін жа­санды интеллектінің патенттелген моделі қол­данылады.

Ақпарат көздерінен.