Дүние дүрмек

438

0

Климаттық дағдарыс

Әлемде аптап ыстық жиілей түседі. Бұл кемі 2060 жылға дейін жалғасады.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдері осылай деп отыр. Олар Еуропаны мысалға келтіреді. Қазір құрлықта күн шыжып тұр.

Испания мен Португалияда биыл бір жарым мыңнан аса адам көз жұмды. Ұлыбритания мен Францияда температуралық рекорд орнады. Мамандар бәріне климаттың өзгеруі себеп дейді.

Сондықтан әлем басшыларын қазба отынын пайдалануды азайту секілді шараларды қолға алуға шақырып жатыр. Әйтпесе климаттық дағдарыс салдарынан денсаулық сақтау саласына жүктеме артатынын ескертеді.

Велосипедпен ұшамыз!

Оңтүстік Кореяда тағы бір жаңа технология – ұшатын велосипед шығарылды.  Көлік 3 метр биікке көтеріліп ұша алады.

Ұшатын көлік кептелісті немесе өзенді айналып өтеді. Инженерлер мұндай велосипедтің құны 10 мың доллардан асады деп болжап отыр. Велосипед жасайтын компанияның менеджерлері демалыс пен туризмде және әскери салада сұраныс көп болады деп жоспарлауда.

Велосипедті сынақтан өткізу былтыр басталды. Қазір төмен биіктікте ұшу, велошабандоздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жолаушыларға арналған дрондар мен велосипедтер 2025 жылы ұша бастайды. Оған дейін бірнеше заңға өзгерістер енгізіліп, қажетті инфрақұрылым салынады.

Бүлдірген «бүлдірді»

Грузияда шаруалар қара бүлдіргеннен құтыла алмай әлек. Бұл елде қара бүлдірген егісі 8 жыл бұрын пайда болды.

Әуелде 400 гектар болған алқап 30 процентке дейін қысқарды. Шаруалар енді пайда түспейтін жидектен құтыла алмай отыр. Оны егу, сату тиімсіз, шырын жасайтын фабрикалар арзанға алатынын айтады.

Шығынға белшеден батқандар енді бау-бақшаны түбірімен отап тастамақ. Бұрын қара бүлдірген аз кезде сұраныс жоғары болатын, бағасы қымбат еді. Қалай нарыққа көп шығарыла бастады, құны кетті.

Тағы бір үлкен мәселе – Еуропа нарығына шығуға рұқсат беретін куәліктің жоқтығы. Оны алу үшін өнім сапа стандартына лайықталып өндірілуге тиіс. Қара бүлдірген 30 градус ыстыққа ғана төтеп береді. Ал Кахетияда жазда 45 градусқа дейін күн ысып, бүлдіргенді бүлдіріп жібереді.

70 жыл дегенде…

Аргентинада 70 жылда тұңғыш рет ягуар бостандықта күшіктеді. Корриентес өңірінде күшіктеген Арами есімді ягуар былтыр Иберияның батпақты аумағына жіберілген еді.

Оның жұбы бразилиялық ягуар 2019 жылы Аргентинаға әкелінген. Осы популяцияны көбейту жобасы аясында екі жыртқыш еркіне жіберілген.

Ревайлдинг қорының сарапшылары келтіргендей, екі күшік мамыр айында туған. Олардың әрі қарай жабайы табиғатта өсіп-жетілуі аң популяциясының өрбуіне жол ашар еді.

Жалпы Аргентина халқы үшін ягуар киелі жануар әрі ұлттың құнды мұрасы саналады. Бүгінде олардың 250-ге жуығы ғана жабайы табиғатта өмір сүреді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<