Бүгін «27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар» күні. Осыған орай жастар ресурстық орталығында мерекелік кеш өтті.
Оған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, сала ардагерлері, сарапшылар, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік шараға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары құттықтады.
«Тәуелсіздік алған жылдары облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 15 болса, бүгінде олардың қатары 1000-ға жуықтады. Оның 300-ге жуығы аймақтың қоғамдық дамуына белсенді араласуда.
Облыстық және аудандық әкімдіктер жанындағы кеңестер мен комиссиялар құрамында 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері бар.
Аймақтағы азаматтық қоғам өкілдері мен белсенділер, меценаттар ел өміріндегі кез-келген шаруаға, елімізде орын алған төтенше жағдайларды еңсеруге белсенді атсалысып, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Өңірдегі үкіметтік емес секторды дамытуда Азаматтық Альянс Қауымдастығының үлесі зор.
Біз әріптес ретінде өңірдегі азаматтық қоғамды дамытуда үкіметтік емес сектордың бастамаларына қолдау білдіріп, ортақ ұсыныстарды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамын», – деді Шахмардан Асқарұлы.
Салтанатты шарада аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, азаматтық қоғам институтының дамуына атсалысып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<