Дубай бұрынғы тірлігіне қайта орала бастады – Олжас Байділдинов

374

0

Фото: Khaleej Times

Біріккен Араб Әмірліктері екпіні қатты нөсер жауыннан енді есін жия бастады. Бейнежазбалардан қазақстандық туристердің сүйікті қаласына айналған Дубайдың кейбір аудандары су астында қалып, әуежайдағы ұшақтардың суда қалқып жүргенін көруге болады. Табиғи апат кезінде осы шаһарда болған отандасымыз, мұнай-газ саласының сарапшысы, энергетика министрінің экс-кеңесшісі Олжас Байділдиновке хабарласып, қазіргі ахуалды сұрап білген едік.

Оның айтуынша, нөсер жауын Дубайың кейбір аудандарында ғана тіркелген.

«Біз Дубай Марина ауданына аялдадық. Сейсенбі күні кешкі уақытта келгенде ештеңе сезілмеді. Мүмкін бұл аудан биіктікте орналасып, су каналға қарай ағып кететін шығар. Бейнежазбалардан өзге аудандар кәдімгідей зардап шеккенін аңғаруға болады. Жол-көлік оқиғалары тіркелді, суға кеткен көліктер де болды. Бұл автомобильдер түбінде Қазақстанға келетін шығар. Әрине, жаңалықтардан «сұмдық» кадрларды көрсетеді ғой. Қазір жағдай тұрақтала бастады», – дейді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Олжас Байділдинов кейбір бизнес-орталық, қонақүйдің паркингі және жертөлелерінде әлі күнге дейін су сору жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

«Ия, бұл – қала үшін үлкен сигнал болды. Қоғамдық көліктер, метро өз жұмысын тоқтатты. Жүктемесі көп болғандықтан ба, такси қызметі мүлде істемеді. Жол-жөнекей көліктерді тоқтатып көріп едік, тоқтамады. Себебі, Дубайда такси қызметін ұсыну үшін арнайы құжат талап етіледі. Заң бұзылса, айыппұл салынады. Дубайдағы дәстүрлі ойын-сауық орталықтарының жұмысы әлі жанданған жоқ. Бір-екі жерге барғымыз келген, жабық болды. Әуежайларда кейбір рейстер тоқтатылған. Жолдарда әлі су бар. Бүгінде көп жерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Олжас Байділдинов.

Оның айтуынша, теңіз жағасында орналасқан қала үшін мұндай табиғи апаттардың тіркелуі – заңдылық.

«Бұл аймақта тропикалық жауындардың жиі болуы таңқаларлық жағдай емес. Бұл – соңғы жылдардағы ірі апат шығар. Өз басым Орал қаласынан болғандықтан, мұндай табиғат құбылысын үрке қабылдадым дей алмаспын. Себебі, мұндай жағдайда не істеу керек екенін жақсы білемін. Қауіпсіздік шараларын сақтадым. Бастысы, байланыс үзілген жоқ. Маған сәт сайын Қазақстандағы туыстарым, достарым, әріптестерім жазып, жағдайымды, Дубайдағы ахуалды сұрап жатты. Жалпы, қазір Дубай бұрынғы тірлігіне қайта орала бастады. Қазақстандық әрі өзге де елдің туристері үшін алаңдайтындай проблема жоқ», – деді О.Байділдинов.

Естеріңізге салсақ, Парсы шығанағы елдерінде нөсер жаңбыр жауып, ол су тасқыны мен көліктердің тоқтап қалуына себеп болды. Табиғи апаттан 20 адам қайтыс болды, олардың көбі Оманда. Дубай әуежайы су астында қалды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<