Дубай EXPO 2020 халықаралық көрмесінде Қазақстанның павильонында не ұсынылатыны көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде біздің павильон бойынша екі ұсыныс бар. Бірі – оны жылжылмалы етіп жасап, кейін елге алып келу. Екінші жолы көрмеден соң павильонды Дубайда қалдырып, сол жерде Қазақстанға экономика мен сыртқы сауда бойынша инвесторларды тарту. Бірақ бұл ұсыныс әлі талқылану үстінде. Біздің павильонды құрылыс әлемінде халықаралық деңгейде танымал швейцариялық компания салып жатыр. Неге отандық компания емес деген сұраққа келсек, алдымен құрылыс алаңы шетелдікі, екіншіден кешенді жиналмалы болады яғни оны елге әкелу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталды. Тамыз-қыркүйек айларында павильонды тестілеу сынағын өткізетін боламыз», – деді «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында.
Оның айтуынша, қазақстандық павильон 4 аймақтан тұрады. Ол – киелі мекендер картасы, мәдени мұра, табиғи байлықтар және биосаналуандық.
«Біздің павильонға келушілерге алдымен еліміздің шығу түбін баяндайтын «Шежіре» атты 6 минуттық танымдық бейнежазба көрсетіледі. Сонымен қатар, көрмеде елорданы арнайы таныстыратын боламыз, себебі Нұр-Сұлтан қаласы жас болғанымен инвесторларды тарту жағынан әлем қалаларынан кем емес. Павильонның жалпы аумағы – 3400 шаршы метр. Алдын ала болжам бойынша Қазақстанның көрме павильонын 1 млн адам келіп көреді деп жоспарланып отыр», – дейді ол. Айта кетсек, «Дубай EXPO-2020» халықаралық көрмесі 2021 жылдың 1 қазанында басталып, 2022 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<