Еңбегімен ерекше жан

511

0

Қазақ пайымында ұстаз деген ұғымның орны ерекше. «Алты Алаштың басы қосылған жерде төрдегі орын – мұғалімдікі» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Себебі, адам баласының қоғамның бүтін бір мүшесіне айналып, өмірден өз жолын табуына ата-анадан кейін мұғалімнің еңбегі зор. Дәл қазіргі қарыштап дамып бара жатқан қоғамда оларға артылар міндеттің де ауқымы ұлғайды. Соған орай, бүгінде мұғалімнің мәртебесін арттыру мәселесі де орынды көтеріліп отыр. Мұғалім, ол – ағартушы тұлға, өз дәуірінің рухани бет-бейнесі.  Сол себепті жүрегінде елдік мүддеге деген ерекше құрмет орын алған жан ғана нағыз ұстаз бола алады. Осындай ұлағат төріндегі ұстаздың бірі – Микеева Ләззат Есенқызы.

Ол Қызылорда қаласының тумасы. Ел қатарлы орта мектептен онжылдық білім алған, 1995 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді. Өз-өзіне сенімді жас маман еңбек жолын бастағаннан-ақ екі бірдей білім беру ұйымында қатар қызмет атқарды. Сырдария ауданындағы №176 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқара жүріп, М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде сабақ берді. Ал 1996-2007 жылдар аралығында қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасында дәріс берсе, осы жылдары №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында да мұғалім болып еңбек етті.

Білімі мен тәжірибесі мол Ләззат Есенқызы 2007 жылдың қазан айынан бастап лицей-интернатта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның бір ғана мақсаты – балаларды білімге баулып, биікке жетелеу. Ол үшін қабілетсіз оқушы деген жоқ, тек баланың бейімділігін байқап, сол бағытта тәрбиелеу қажет.

Шәкірттерінің сүйіспеншілігі мен құр­метіне бөленген қадірлі  ұстаз бүгінгі күнге дейін 20-дан аса олимпиада жүлдегерлерін дайындады.  Оқушылары облыстық және республикалық білім сайыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып жатты. Лицейде «Жас тілші» үйірмесіне жетекшілік етіп, шәкірттерінің шығармашылығын шыңдай түсті. Сондай-ақ, оларды ел өміріндегі елеулі оқиғаларға үн қосып, азаматтық ұстанымын білдіруге тәрбиеледі.  Ұстаздың осындай табанды еңбегінің нәтижесінде 2008 жылы шығармашыл мұғалімдердің облыстық байқауында «Ең үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» атанып, 1-ші дәрежелі диплом мен арнайы сыйақы иеленді. Ләззат Есенқызы оқу-тәрбие процесінде жақсы ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде де өзіндік бағасын алып келеді. 2011 жылы «Үздік оқу ісінің меңгерушісі» номинациясын жеңіп алған болса,  осы жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Тәжірибелі ұстаз әріптестерінің кәсіби жетілуіне де өзіндік үлесін қосып келеді. Бірнеше рет  өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, облыстық деңгейде семинарлар өткізді. Осындай елеулі еңбегінің жемісі, Ләззат Есенқызы 2014 жылы «Үздік педагог» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге қаржылай сыйақыға ие болды.

Облысымыздағы әрбір сала бойынша үздіктердің өмірі мен еңбек жолы туралы жазылған «Орданың алтын кітабы» атты жинаққа Ләззат Есенқызының енуі  оның кәсіби еңбегінің лайықты бағаланғаны болса керек. Бүгінгі күнге дейін ұлағатты ұстаздың  облыстық және республикалық басылымдарда ғылыми-әдістемелік бағыттағы 20-дан аса мақаласы жарияланды.  Елбасы Жолдауынан туындаған жаңа міндеттерді жүзеге асыру барысында да ақпараттық-насихаттық тұр­ғыда әріптестеріне үнемі қолдау көрсетіп отырады.

Өз саласының білікті маманы, ұлағатты ұстаз Ләззат Есенқызы жаһандану дәуірінде білім саласының алдында тұрған жаңа мүмкіндіктерді сапалы іске асырып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп келеді. Отбасында аяулы ана, екі бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары да білімнің биік шыңын бағындыруда. Қадірлі ұстаз осынау дәстүрлі мерекені де мерейлі табыстармен қарсы алып отыр. 

                                                                                               

 Ғазиза ӘБІЛДА,  

                                                                   «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<