Еңбекші құқы ерекше сақталады

339

0

“Кәсіподақтар үйінде” Қы­зыл­орда облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сер­ма­ғанбетов өткен жылды қоры­тын­дылап, алдағы уақытта атқа­рылатын жұмыстар бойынша есеп берді. Оған облыс әкімінің орынбасары  Қуанышбек Ысқақов, бас­қарма басшылары мен салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қа­тысты.

Қазіргі күні облыстың ау­мақ­тық кәсіподақтар бірлестігі 11 салалық кәсіподақта 1036 ұйым­ды біріктіреді. Оның ішінде 2 салалық кәсіподақ ұйымы жыл басында құрылған. Есепті кезеңде кәсіподақ мүшелерінің өсу деңгейі байқалады. Бірлестік өкілдері өңірде облыстық, қалалық, комиссиялар, жұмыс топтары, арнайы штабтар, барлығы 16 түрлі тұрақты жұмыс органы құрамында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жұмыс атқарады.

– Өткен жылы еңбек және әлеуметтік мәселелер бағытындағы ортақ мүдделі жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыстық кәсіпкерлер палатасымен, ҚР мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық депар­таменті, татуласу орталығы, облыстық статистика департаменті мен облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілімен өзара ынтымақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойды. Соның негізінде жұмыс орындарын қысқартуды, жалақы қарыздарын болдырмау секілді мәселелер бойынша бірқатар жұмыстар жасалды. Мә­селен, “Айдан Мұнай” АҚ, Байқоңыр қаласындағы облыстық медициналық орталық филиалы, Қазалы туберкулез аурулары ауруханасындағы еңбек пен жалақыға қатысты мәселелердің даусыз шешілуіне үлес қостық. Сондай-ақ, “Қызылорда су жүйесі” МКК жұмыскерлердің қыс­қар­тылуына байланыс­ты туын­даған мәселеде біздің бір­лестіктің ба­қылауымен еңбек заңнамалары мен мекемедегі ұжымдық шарт ережелерінің бұзылуына жол берілмеді. Қысқартылуға жат­қызылған 85 штаттық қыз­мет­кердің 73-не жұмыс орындары қарас­тырылуына қол жеткіздік, – деді С.Сермағанбетов.

Айта кету керек, облыста тір­келген 7289 мекеменің ішінде 769-ы жұмысын тоқтатқан. 277 мекеме жойылу кезеңінде тұрса, 6243 мекеме мен кәсіпорын нақты жұмыс атқаруда. Есепті мерзімде 6005 мекеме мен кәсіпорынның ұжымдық шарттары тіркелген. Жалпы жұмыс орындарының ұжым­дық шартпен қамтылу дең­гейі 96 процентті құрайды.

Есеп беру барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева “2018-2020 жылдарға арналған облыстық келісім” аясында атқарылған жұ­мыс­­тарды сөз етсе, облыстық еңбек саласындағы бақылау бас­қар­­масының басшысы Ертілеу Жалғасбаев еңбек заңнамалары және  еңбек  қауіпсіздігін  сақтау мен бақылау бойынша  жүзеге  асқан жұмысқа тоқталды. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов сотсыз татуласу орталығының өңір үшін маңыздылығын сөз етті.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсы­ныстар айтылды. Ал, облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов аумақтық кәсіподақ бірлестігінің жұмысына оң бағасын берді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<