Еңбек ардагері, ғалым-агроном, кезінде Қармақшы ауданының әкімі қызметін атқарған, Сырдария, Қармақшы аудандарының құрметті азаматы, Жахай Серікұлы Бодықбаев 80 жасқа толып отыр.
Еңбегімен еліне елеулі болған, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар тер төгіп, қажыр-қайратын аямаған. Жахай ағамен алғашқы таныстық 1975 жылы Тереңөзек ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы совхозда директор болып тұрған кезінде болды.
Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, бұрынғы Қазақ ССР Су шаруашылығы министрі болған Сұлтан Момынұлы Сәрсенбаев мені аудан активіне ертіп барған еді. Актив жиналысында Жәкең біраз проблемаларды алдымызға қойды. Сол кезден бастап Жахай ағамен қоян-қолтық жұмыс істеу, ауылда тұрғын-үйлер салу, халықтық мәселелерді шешу қолға алынып, біраз жұмыстар шешімін тапқан еді.
Әсіресе, қуаттылығы жылына 3 миллион кірпіш шығаратын зауыт Қызылорда қаласында, сосын осы С.Сейфуллин атындағы совхозда болатын. Бұл кез Жахай ағаның орда бұзар отыздан асқан шағы. Қиындыққа тайсалмайтын, жаңалыққа жаны құмар, қара жұмыста әбден ысылып, еңбекте шыңдалған кезі еді.
1975 жылдың ақпан айы. Тереңөзек ауданының бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев шақырып, жаңадан ашылған Сәкен Сейфуллин атындағы совхозға директор болып барасың деп Жахаңды көндіреді.
Шынында, бұл шаруашылықтың қиыншылықтары көп болатын. Судың аяғы, өзі жаңадан құрылып жатыр, жұмыс қолы жетіспейді, техника жоқтың қасы, бәрі ескі.
Алайда, жас директор 6 жыл совхозды басқарып, күріштің көлемін 1800 гектарға, орта өнімді 55 центнерге көтерді, ірі қараны 2800 басқа жеткізіп, ет-сүт өнімдерін өндіруде алдына жан салмады. Осы еңбектері еленіп, Москвадағы ВДНХ-да төрт рет жеңімпаздар қатарында болды.
1980 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Елтай Байназарұлы Тыныштықбаев ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жасап, Жахаңды бірінші орынбасарлыққа тағайындады.
Елтай аға: «бізге аудан басшыларымен, совхоз директорларымен терезесі тең, іскер, білікті, өзің сияқты басшы керек, мен сізге сенемін, бірлесіп жұмыс істейік» деді.
Шаруашылықтың қайнаған қазанынан пісіп шыққан, оның үстіне бұрын басқарған саласы болғандықтан бұл жұмысты да абыройлы атқара білді.
Алайда, бұрыннан Жахаңның іскерлігін білетін Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов ағамыз Жахаңа «құда» түсті. Сөйтіп, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы етіп тағайындады.Тағы да қызу еңбек басталды да кетті.
Сейілбек Шаухаманов алдағы үш жылда егіншілік мәдениетін арттырып, күріштің өнімділігін 42 центнерден 50 центнерге жеткізу, мал шаруашылығын облыстың алдыңғы қатарына шығару міндетін қойды. Бұл оңай тапсырма емес еді.
Жахаң ауданды алға сүйреу үшін аянбай тер төкті. Күн-түн деген жоқ, судың сағасында, егіннің жағасында жүрді. Тапсырма орындалды, үш жылда аудан күріштің гектарынан 52 центнерден өнім алды, жүгері, жоңышқа өнімі 3 есеге артты. Аудан Социалисттік жарыстың жеңімпазы болып Республиканың «Қызыл Туын» жеңіп алды.
Онан соң Жахаң облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына ауысты. Шамалы уақыт аталған қызметті атқарғаннан кейін үшінші рет облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қайта тағайындалды. Бұл кезде біздің мекемеміз орталық алаңдағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғимаратында болатын.
Әлі есімде, 1992 жылдың 19 ақпаны. Жахаң жұмыста жоқ. Кешкісін теледидардан Жахаңның Қармақшы ауданының әкімі болып тағайындалғанын естідік.
Бұл кез тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Ең қиын уақыт. Кімге болса да сын сағаттары еді.
Жахаң Қармақшы ауданын 4 жылдан аса уақыт басқарды, елдің ауыз бірлігі мен саяси, мәдени өмірінің бел ортасында жүрді. Еңбегі еш кетпеді. Халықты соңына ерте білді. Қайбір сала болмасын, істеген ісі алға басып, қорытындысын ел көріп отырды.
Көгалдандыру, бау-бақша егу, кәсіпкерлікті дамытуға күш салды.
Сол қиын кезеңде күнкөрісі төмен отбасыларға қамқорлық жасады. Қысқасы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен еңбек сіңірді. 1995 жылы экологиялық жеңілдіктерге байланысты зейнетке шықты.
Қол қусырып қарап отырмай өзінің туған ауылы – Тереңөзек ауданы, Ақжарма ауылындағы серіктестікті басқарды. Бұл жерде де абыройлы болды, жұмысшылар айлықтарын уақытылы алып тұрды. Үш жылда 70 жанұя жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлады. Егіншілік технологиясын дұрыс ұстай білді, халық кәсіпкерлікке бет бұрды. Мәдениет үйлері, балабақша, сауда орындары жұмыс істеп тұрды.
Еңбеккерлік қасиеті әкесі Серіктен жұққан, ол қиын, жоқшылық заманда отбасын, ағайындарын егін егіп, мал бағып, балық аулап аштықтан аман алып қалған аяулы жан болатын.
Жахаң – үлгілі отағасы. Құдай қосқан жары Шарбан Тәжмаханқызымен екеуі, ұлды – ұяға, қызды қияға қондырды. Қазір немере-шөберелерін сүйген үлкен әулеттің бәйтерегі.
Тек өкініштісі жары – Шарбаннан ерте айырылып қалғаны.
Жахаң қоғамшыл. Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысады, өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретеді. Тал егу, күріш, көкөніс өсірудің технологиясын жете меңгерген нағыз маман. Сөзі ширақ, байыпты, ауыл шаруашылығының жанашыр-тілекшісінің өмір өнегесі өскелең ұрпаққа үлгі деп білеміз.
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ.
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<