Ебі табылған еңбек өнімді

475

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

ЖОЛДЫҢ ӨЗІНДЕ 30 ЖОБА ІСКЕ АСУДА

Аймақ басшысы М-32 «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстарын көрді.  Ұзындығы 11 километрден астам автожолды «Қыран» ЖШС қалпына келтіруде. Оған республикалық бюджеттен 1 005,760 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары биыл қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жол жамылғысының ақаулары қайта қалпына келтіріліп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын пәтерлерді көрді. Биыл бағдарлама аясында Арал қаласында 84 пәтерлік 42 үйдің құрылысы жүргізілуде. Баспана қараша айында пайдалануға берілмек.

Еске салсақ, биыл аталған ұлттық жоба аясында облыста 1346 пәтерлік 26 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 322 пәтерлік  9 тұрғын үй және  1024 пәтерлік 17  несиелік тұрғын үй бар. Ал 842 пәтерлік 20 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен  6 млрд теңге қаралып 34 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1000 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінді.

Облыс әкімі аудан орталығындағы А.Сатаев және Төле би көшелерін жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мердігер мекеме – «Арал құрылысы» ЖШС. Қазір олар көшелердің  астыңғы қабатын көтеріп, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында  772,3 млн теңгеге Арал қаласындағы 7 көшенің жолы жөнделуде. Олардың жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құрайды.

Аймақ басшысы Арал қаласындағы теміржол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылыс жұмысын да көрді. Аспалы көпірдің құрылысын «РИТМ» ЖШС жүргізуде, ұзындығы – 940 метр. Мұндағы жұмыс наурыз айында басталды, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қазір қажетті заттар және техникалар тасымалданып, нысан басы тегістелді, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан орталығындағы көліктер бір ғана теміржол өткелі арқылы қатынайды. Өткел жабылғанда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болып, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары сияқты кезек күттірмейтін қызметтермен қоса, тұрғындарға да кедергі келтіреді. Көпір пайдалануға берілген соң осы мәселе түпкілікті шешімін табады деп күтілуде.

Айта кетейік, биыл Арал ауданының  автомобиль жолдарын жақсартуға 7,2 млрд теңге бөлініп, жалпы 30 жоба іске асуда.

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Ауданға сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы таныстырылды.

Аймақ басшысы «Тоқабай-Абай» ауызсу желісі құрылысын бастау жұмыстарын көрді. Бас мердігер – «САПА-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС ұзындығы 170 шақырымға жуық су желісінің құрылысын 2025 жылдың сәуір айында аяқтамақ. Нұрлыбек Машбекұлы жұмысты сапалы әрі уақытылы тапсыруды жүктеді.

Мұнан әрі облыс әкімі Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Кешен құрылысын «Өмірзақ» ЖШС жүргізуде, жобаның келісім-шарт құны 192,7 млн теңге. Белгіленген мерзімінен кешіктіріліп жатқан нысан болғандықтан, облыс әкімі мердігер мекеме басшысына жұмысшы санын көбейтіп, құрылысты 15 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектептің құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп апаттық жағдайда деп танылып, былтыр демеушілік есебінен жаңа ғимарат салына бастады.  Облыс әкімі білім ұясын оқу жылының екінші тоқсанында толық аяқтап, ел игілігіне беруді міндеттеді.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда Сыр өңірінде  100 млрд теңгеден асатын қаржыға  21 мектеп құрылысы жүргізіледі. Оның 4-уі Арал ауданында бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, оның екеуінің іргетасы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде қаланады. Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Қазір Қызылжар, Бөген ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы жүргізілуде.

ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Кеше сондай-ақ Арал ауданында болған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов және Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Қамыстыбас ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, Сыр өңірінде заманауи үлгідегі спорттық нысандар көптеп салынатынын айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда  100 млрд теңгеден асатын қаржыға 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның 4-уі Арал ауданында бой көтермек. Биыл 10 мектептің құрылысы басталса, оның екеуі осы ауданда. Өткен жылы Аманөткел ауылындағы кешен қолданысқа берілсе, жақын күндері Жақсықылыш кентіндегі дәл сондай денешынықтыру-сауықтыру кешенінің игілігін халық көре бастайды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада тыл ардагері Сейілхан Садақбаев жерлестерін құттықтап, бата берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<