Ебін тапқан елдің егіні бітік

1160

0

әртараптандыру әлдене бастады

Биыл Сыр өңірінде тың серпін алған игі істер көп. Әсіресе, ауыл еңсесін көтеріп, жұрт жағдайын жасауға мемлекет тарапынан тиімді қадам жасалуда. Оған мысал көп. Соның бірі – аймақ басшысының тапсырмасымен ауыл тұрғындарын бақша егу кәсібіне жұмылдыру. Оның мақсаты біреу-ақ. Облыстағы азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін ұйымдастырылып отыр. Сейсенбіде Жаңақорғанда болған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мақсаттағы жұмыстармен танысты.

Ебін тапқан елдің егіні бітік

Рас, облыс әкімінің тапсырмасынан соң әр аудан және қалаға қарасты ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындалып, түрлі дақылдар егіле бастады. Барлық жер көлемі 1454 гектар.

Ал Жаңақорған ауданына сапар барысында облыс басшысы Жайылма ауылдық округіндегі егістік алқабына барды. Шаруалармен кездесіп, пікірлесті. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов жаңақорғандықтардың 429 гектар жерге егін егіп жатқанын жеткізді. Дақылдардың 203 гектарын қосалқы шаруашылықтар, ал 226 гектары шаруа қожалықтарының күшімен егіліпті.

– Қазір ауданда 3003 отбасы 429 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуде. Бұл қысқы азық-түлік қорын жасақтауда үлкен көмек болары сөзсіз. Біз бұрынғы егілген жердің жанынан қосымша егістік дайындауға тырыстық. Оның өз себебі бар. Өйткені онда тартылған суармалы жүйе, скважина қазу, электрмен қамту сияқты бұрыннан атқарылған жұмыстар бар. Халық бұны жақсы қабылдап, еңбек етіп жатыр.  Ауылдықтардан бөлек, Жаңақорған кенті маңынан да жер дайындалып, тұрғындар бақша өсіруде, – дейді аудан әкімі.

Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.

«Жайылманың қарбызы» деген атаумен таныс өнімнің пісуіне де аз қалыпты. Бүгінде 18 гектар жерге «Жайылма» ауылындағы 120 отбасы бақша егуде.

Ебін тапқан елдің егіні бітік

– Біз екі отбасы болып дақыл тіктік. Былтыр ауыл маңынан 4 гектар қарбыз егіп, әр гектардан 50 тоннадан өнім алдық. Биыл су тапшылығына орай 2 гектар қарбыз, қосымша 2 гектар картоп, сәбіз, қызанақ сияқты дақыл тұқымын тастадық. Бұған дейін таудан түсетін судан суардық. Енді жерасты суын пайдаланамыз. Оны алуға арнайы электр желісі тартылған. Жылда жер сауып, балалардың қысқы несібесін осылай еңбекпен тауып отырған жайымыз бар, – дейді жайылмалық Абай Көрпебаев.

Мұнан соң облыс басшысы кентте салынып жатқан үшқабатты 300 орындық мектеп құрылысымен танысты. Мердігерлермен сөйлесіп, құрылыс саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Құрылысты «Авангард» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде.

Құрылыс жобаларын уақытылы әрі сапалы орындау – басты міндет. Енді әлеуметтік нысандарға бөлінген қаржыны мақсатты әрі тиімділігіне қарай бағыттау қатаң қаралады. Облыс әкімі мектеп құрылыстарына қатысты мердігерлерге осындай талап қойған еді. Жұмыс барысымен жіті танысқан Нұрлыбек Машбекұлы мектеп салуда нақты қажеттілік ескерілу керектігін қаперге салды.

– Демографиялық өсімнің нәтижесінде мектепке баратын балалар саны артып келеді. Соған сәйкес, біз талдау жасап, нақты қажеттілікті шығаруымыз керек. Қаладағы бірқатар мектепті аралап шыққанда байқағаным, бала саны өте көп білім ошақтарының аумағында бос жерлер бар. Ал, керісінше бала аз аймақтарға тым көп сыйымдылықтағы мектептерді салып қоямыз. Бұл дұрыс есептің жоқтығынан туындайды, – деді облыс басшысы. 

Айта кетейік, алдағы 3 жылда облыста 32 мемлекеттік және 9 жекеменшік мектеп салынатын болады. Оның ішінде 2 білім ордасы апатты мектептердің орнына салынбақ.

Жаңақорған сапарында аймақ басшысы «Талдысу» балалар тынығу лагерінің жұмыс барысымен танысты. 300 орындық демалыс орны екі қабатты типтік жобадағы 4 корпустан тұрады. Жазғы демалыста тынығу, сауықтыру қызметімен бірге, қосымша білім алуға және бос уақытын көңілді өткізуге арналған түрлі іс-шаралар өтеді.

– Мен Қармақшы ауданы, Ақай ауылынан келдім. Сондағы Е.Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысымын. Лагерьге үздік оқығандықтан тегін демалуға жіберді. Мұнда келгенімізге бір апта болды, уақыт та тез өтуде. Өйткені, ұйымдастырушылар мен тәрбиеші ағай-апайлармен бірге күніміз қызықты өтуде. Түрлі шаралар, концерт, тауға саяхат, бассейнге шомылу біз үшін өте керемет болды. Бес мезгіл тамақ беріледі, жатын орын да тап-таза, – дейді өз қуанышын бөліскен Мерей Ахметова.

Облыс   әкімі   лагерьдің  асханасы мен оқушылар сарайын аралап, балалармен тілдесіп, олардың танымдық шаралармен қамтылуына ден қойды. Лагерь қосымша қазан-сәуір аралығында балаларды 7 ауысымда олимпиадалар мен ғылыми жобаларға, пәндік жарыстарға дайындайды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов «Талдысу» лагерінен бөлек, «Қамбаш» қосымша білім беру және олимпиадалар орталығының қысқы уақытта жұмысын жандандыру үшін бюджеттен қосымша қаржы қарауды сұрады.

Айта кету керек, жазғы тынығу лагерьлерінің жұмысы тек маусымдық уақытта емес, жыл бойы жүруі қажет. Облыс әкімі өңірдегі бірқатар лагерь жұмысын сынға алып, олардың тек маусымдық кезде ғана жұмыс істеп, қалған уақытта бос тұратынын айтып, сала басшыларына нақты тапсырма берді.

– Егер осы лагерьлерде балалардың біліміне, олардың түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда жеңімпаз атануына бағытталған жұмыс атқарылса, міндетті түрде оған қаржы бөлуіміз қажет. Бірақ, қаржы бөлінген соң орталықтардың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі қадағалануы тиіс, – деді облыс әкімі.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<